«Қыз Жібекті» мюзиклі «Astana Musical» театрында сахналанды

«Қыз Жібекті» білмейтін қазақ жоқ шығар. Алайда сюжеті бір болғанымен оның түрлі жанрдағы үні басқа. Мәселен, мюзикл актерлік шеберлікпен қатар ән мен бидің де шебер орындалуын керек етеді,-дейді әртістер. Өйткені мұнда бәрін қатар алып жүру маңызды. Бұл тұста, әрине, қиыншылықсыз болмайды. Бұған мюзиклді сахналаған «Astana Musical» театрының әртістері көз жеткізіп отыр. Қойылымда барлығы 60-қа жуық актер өнер көрсетеді.

ОРАЗАЛЫ ИГІЛІК, ТӨЛЕГЕН РӨЛІН СОМДАУШЫ:

 - Маған қиын болған сәті - әкем рұқсат бермей қалған кезде болды. Сондықтан көп іздеуге тура келді. Іштен шығару керек болды, әкеге деген қарсылықты, протест дейді ғой. Рөлдің өзіңе ұнамай жатқан жерлері болады. Процесс арқылы күнде рөлге бір нәрсе қосасың ғой.

ИНАБАТ РИЗАБЕКОВА, ЖІБЕК РӨЛІН СОМДАУШЫ:

 - «Астана сазы» ансамблінің сүйемелдеуімен жанды дауыста ән айтамыз. Мұнда өзіміздің ішкі жан-дүниемізді, сезіміміздің бәрін ән арқылы жеткізетін сәттер өте көп. Мюзикл болғандықтан, қаншама ұйқысыз түндер болды. Қатты қобалжыдым. Бірақ абыроймен алып шығуға тырыстым.

«Astana Musical» театры «Қыз Жібекті» «Ұлы Дала театры» атауымен Франция, Германия, Бельгия, Австрия, Ресей театрларында сахналаған болатын. Еуропа жұртшылығы ұлттық туындымызға ерекше тәнті болды,-дейді ұжым жетекшісі. Ендігі кезекте ел өңірлерін аралау жоспарланып отыр.

АСХАТ МАЕМИРОВ, «ASTANA MUSICAL» ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ,  ҚОЮШЫ-РЕЖИССЕР:

 - Қойылымның операдан ерекшелігі – операда симфониялық оркестрмен орындалады. Біз бұл жолы белгілі музыкант, дирижер Бауыржан Ақтаевпен бірлесе отырып, симфониялық оркестрге арналған партитураның барлығын қайтадан өзінің тамырына оралтып, қазақтың этнографиялық –фольклорлық аспаптарына лайықтап жаздық.