Өмір Шыныбекұлының Оңтүстік Қазақстан тарихына арналған кітабы жарық көрді - Kazakh TV

Тарихшы Өмір Шыныбекұлының еліміздің оңтүстік аймағының тарихын талдаған кітабы жарық көрді. Оқулық облысқа қарасты аудандарда алдағы күзден бастап «Өлкетану» пәніне қосымша ретінде оқытылады. Алатаудан басталған Сайрамсу, Қасқасу мен Қарасора өзендері Кеңесарық ауылының етегінде тоғысады. Ал сол ауылдан 11 ғылым докторы, 23 ғылым кандидаты, Бүкілодақтық суретшілер одағына мүше болған 18 суретші шыққан. Олардың өмірі мен шығармашылық жолы еңбекте баяндалады.

ӨМІР ШЫНЫБЕКҰЛЫ, АВТОР:

 - Мына кітапта біздің аға ұрпақтың жеткен жетістігі бар. Ал осыны оқыған баланың бойында енжарлық, ынжықтық қасиет болса жойылады деп ойлаймын. Олар осы ағалардан, әкелерден озады деп ойлаймын. Оған толық негіз бар.

Автор кішкентайынан жергілікті аңыз-әпсананы ұйып тыңдап, қағазға түсіріп жүреді екен. Уақытының көбін архивте өткізіп, ізденіске арнаған ол, аңыз бен ауыл тарихын ұштастастыра біледі.  Өлкетанушы жастарға үлгі болатын туындыны «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жарыққа шығарыпты.     

ЕРЖАН ИСАҚҰЛОВ, МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ:

 - Өзінің тарихын, өзінің бабаларын, өз ауылынан шыққан мықты азаматтарды білу деген – ол осы ауылдың жастарына мықты сенім пайда болдырады.

Шығыс қазақстандық Владимир Фоминский – 40 жылдан астам орман саласында еңбек еткен қарапайым орманшы. Тек бір өзі 900 гектар жерге көшет еккен, орманды баптап, сақтаудың қыр-сырын жақсы біледі. Ол Алтай тауы туралы үш кітап жазып шығарды. Бірінші, екінші туындыға өмірден көрген-түйгені топтастырса, үшіншісіне орман шаруашылығы мен ондағы мамандарға жүктелетін міндеттерді тарқатқан.  Жалпы еліміз бойынша орман қорының үштен төрт бөлігі  Шығыс Қазақстанда өседі.  Ол 1,5 миллион гектар жерді алып жатыр.

ВЛАДИМИР ФОМИНСКИЙ, АРДАГЕР-ОРМАНШЫ:

 - Мен бұл кітаптарда табиғаттың ерекшелігі мен ғажайып құбылысын және орманшылардың жұмыс кезінде тап болатын қызықтары мен қиыншылықтарын жаздым.  Бұл  қаладағы саябаққа серуендеу емес қой. Өте қиын жұмыс саналады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер