«Астана Опера» театрының жетекші солистерінің отандық және шетелдік музыканттармен бірлескен концерттер тізбегі жалғасуда. Бұл жолы дәстүрлі «музыкалық тандем» атты  жоба аясында отандық танымал скрипкашы,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов пен ресейлік скрипкашы әрі дирижер Эльдар Нагиев   бірге  өнер көрсетті. Айта кету керек, бұл көршілес елдің дарынды музыкантының қатысуымен өткен Қазақстандағы алғашқы концерт  емес. Дей тұрғанмен жергілікті жердегі орындаушы және дирижер ретіндегі тұңғыш партиясы.  Эльдар Нагиев – бірқатар халықаралық байқаулардың жүлдегері, қазір ол Новосібір жасөспірімдер симфониялық оркестрінің бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі, сондай-ақ  аталмыш шаһардағы опера және балет театрының оркестр солисті және дирижердің көмекшісі қызметін атқарады. Қос дарынның жұп құрған шығармашылық кешінде шетелдік композиторлармен қатар отандық сазгерлердің таңдамалы туындылары орындалды. Саф өнер салтанат құрған музыкалық концерт жергілікті камералық оркестрдің сүйемелдеуімен өтті. Әуезді де сазды кештің қонақтары бұдан басқа қазақстандық скрипкашылар,  халықаралық байқаулардың лауреаттары Ермек пен Евгения Құрманаевтардың өнерін тамашалау мүмкіндігіне ие болды. 

ЭЛЬДАР НАГИЕВ,  СКРИПКАШЫ, ДИРИЖЕР /РЕСЕЙ-ПОРТУГАЛИЯ/:

 - Музыкалық тандем концертінде түрлі оркестрлар мен елдерден жиылған музыканттарының шығармашылығы үндеседі. Бүгінде жоба өз дәстүрінен тайған жоқ. Музыканы өзінше түсініп, әр қилы ойнайтын орындаушыларды бір сахнаға жию біріншіден өнер сүйер қауым үшін қажет. Сондай-ақ музыканттардың бірігуі өзара тәжірибе алмасудың зор мүмкіндігін ашады. Біз бұл музыкалық кешті ұйымдастыруды ұзақ уақыттан бері жоспарлап қойған едік. Орындалатын шығармалардың бағдарламасын құрып қойғанбыз. Міне сол жоспарымызды жүзеге асырудың орайы туып отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер