Қазақстандағы Израиль елшілігі «Алғыс» байқауын ұйымдастырмақшы. Іс-шара екі күнге сәйкестендірілген. Бірі 1 наурыз – алғыс айту күні болса, екіншісі Израиль тәуелсіздігінің 70 жылдығы. ХХ ғасырдың 30-40 жылдары еврейлер үшін қиын кезең болып, қазақ халқы көмек қолын созды. Біздің халықтың дархандығы мен мейірімін, қонақжайлылығын еврей халқы әлі күнге дейін ризашылықпен еске алады.

МИХАЭЛЬ БРОДСКИЙ, ҚР-ДАҒЫ ИЗРАИЛЬ МЕМЛЕКЕТІНІҢ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - Бүгінде Израиль мен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынас нығайып келеді. Екі ел арасында бейбітшілік пен ынтымақтастық берік орнаған.

Шараны ұйымдастырушылар еврейлерге тарихи кезеңдегі қазақ халқының жомарттығы мен достыққа беріктігін кеңінен баяндауды ұсынды. Материалдар ақпанның 25-не дейін қабылданады.

ДИНА МАРГАНОВА, ҚР-ДАҒЫ ИЗРАИЛЬ ЕЛШІЛІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

 - Біз баяндамаларды түрлі форматта қабылдай береміз. Яғни, байқауға материалдарды бейнефайл, аудио, фоторепортаж немесе мәтін түрінде де тапсыруға болады.

Елшілік байқаудың нәтижесін алғыс айту күні жариялайды. Ең қызықты деген тарихи оқиғаның авторына арнайы жүлде табысталмақ. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер