«Астана Балет» театры Нью-Йоркте өнер көрсетеді - Kazakh TV

Әсерлі әуен, айрықша би мен ауқымды сценография. Астана Балет ұжымы кезекті шетелдік гастрольге қамданып жатыр. Бұл жолы өнер ошағының труппасы АҚШ-тың Нью-Йорк қаласына аттанбақ. Қазіргі таңда сахна саңлақтары сапар алдындағы соңғы дайындықтарын пысықтау үстінде. Сырт елдік қауымның назарына ұлттық нақышқа негізделген алты бірдей қойылым үлгісі мен дәл сонша неоклассикалық мәнердегі балет үзіндісі  және атақты «Щелкунчик» спектаклі ұсынылады.

ФАРХАД БУРИЕВ, «АСТАНА БАЛЕТ» ТЕАТРЫНЫҢ  ЖЕТЕКШІ СОЛИСТІ:

 - Біз АҚШ-тың ең ірі мәдени ошағы саналатын «Линкольн» орталығында өнер көрсетеміз. Үлкен залға жиналатын көрерменді еліміздің бай мәдениетімен, қазақстандық би өнерінің әлемімен  таныстырмақпыз. Биылғы гастроліміз АҚШ елінен бастау алады. Мұнымен шетелдіктерге ұлттық өнерімізді насихаттау ісі тоқталмайды. Алда бірқатар елдерге сапар жасауды жоспарлап қойдық.

Америкалықтар жергілікті сахна саңлақтары әзірлеген  ауқымды хоеографиялық гала-концертті «Жаһандық әлемдегі қазақстанның заманауи өнері» жобасының аясында тамашалайтын болады. Кешенді бағдарламаны сахнаның безендірілуі мен өнерпаздардың ерекше образы әсерлей түседі.  

Иштершу: Бұл ұлттық бөлімннің киім-кешектері. Мәселен, мына костюм «Арулар шеруі» деп аталады. Ол көзге жылы көрінетін қызғылт, сары сынды ашық түсті маталардан тігілді. Бас киімдері де қазақ  сәукелесінің негізінде пішілген.

Шетелдік көрерменнің талғамынан  шығып, көңілін аулауда әртістердің шеберлігі аса маңызды. Режиссердің айтайын деген ойының өзегін тек бидің тілімен жеткізу үшін труппа таң атысынан кеш батқанша қызу дайындық үстінде.

МУКАРАМ АВАХРИ, «АСТАНА БАЛЕТ»  ТЕАТРЫНЫҢ БАС  БАЛЕТМЕЙСТЕРІ:

 - Әр гастрольге ерекше дайындаламыз. Сыртқа шығар алдында жергілікті қауымқа түсінікті болатын арнайы бағдарлама құрылады. Себебі біз халықаралық дәрежеде өзіміздің өнерді танытуымыз керек. Сондықтан барған жерімізде өзіміздің дәстүрге сай ұлттық нақыштағы қойылымдар ұсынуға тырысамыз. Әлемнің үлкен сахналарында да еліміздің намысын арқалап, жүктелген міндетті абыроймен алып шығу үшін барымызды саламыз. Біз үшін бұл аса жоғары мәртебе. Қай ел болмасын отандық өнер жауһарларын лайықты деңгейде насихаттау қамында   тыңғылықты дайындаламыз.

АҚШ-та барлығы Астана Балет театрының белді деген 38 әртісі өнер көрсететін болады. Әрбірі бұған дейін оқып түйгенінен аянып қалмауға тырысамыз деп белді бекем буып отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер