Қазақстандық студент Дастан Валиулин Сеулдегі телеарналардың бірінде жұмыс істейді

Қазақстандық Дастан Валиулин Сеулдегі телеарналардың бірінде жұмыс істейді. Ол Оңтүстік Кореяға білім алу үшін осыдан төрт жыл бұрын барған. Кәріс тілін жетік меңгерген Дастан, қазір телебағдарламаларда тізгінші. Елден жырақта жүрсе де шетелдіктерге өз Отанын кеңінен таныстырып жүр. Ол бір бағдарламада бүкіл оңтүстікореялық халыққа бауырсақ пен етті қалай пісіретінін үйретті.

Жүргізуші: Қазақстанның қай жерде екенін көбі біле бермейді.

Дастан: Иә, шынымен, кейбірі білмейді. Қазақстан –  жер көлемінің үлкендігіне байланысты әлемде тоғызыншы орында. Ол Еуропа мен Азияның түйісінде орналасқан. Қазақ сөзі ерікті, тәуелсіз адам деген мағынаны білдіреді.

ЛИ СЫН ТХЭК, ТЕЛЕПРОДЮСЕР:

 - Мен Қазақстанда  ғарыш алаңы бар екенін және оның ашық ғарышқа ұшу үшін тиімді әрі қолайлы жер екендігі туралы алғаш рет  Дастаннан естідім. Мұндай деректерді корейліктер білмейді. Қазақстанның тұрмысы мен салт-дәстүрі жөнінде біз телеарнада бірқатар бағдарламалар дайындап жүрміз. Елінің беделін айқындап беруде Дастанға үлкен жауапкершілік артып отырмыз.

Белсенді студент Пхенчханда өтетін олимпиадалық, параолимпиадалық ойындарға Қазақстан елшісі ретінде қатысады. Кореяға келген қонақтарды, сол елдің және Қазақстанның мәдениетімен таныстырып, қазақ, орыс, кәріс тілдерінде ақпарат береді.

ДАСТАН ВАЛИУЛИН, ПХЕНЧХАНДА ӨТЕТІН ОЛИМПИАДАДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН ЕЛШІСІ:

 - Мен өзімді Кореяда актер ретінде, жүргізуші ретінде сынап көргім келеді. Жергілікті халыққа Қазақстан туралы айтқым келеді. Сонымен қатар, арманымдағы жұмысымды тауып, Қазақстан мен Кореяны өзара байланыстыратын өзімнің кәсібімді ашқым келеді.

Шетелде өмір сүру, ондағы оқу жүйесіне ілігіп, білім алу оңай емес. Ал біздің кейіпкер Дастан өзге елде тек оқып қоймай, түрлі бағыт бойынша тағылымдамадан өтіп жүр. Ол телеарна саласымен шектелмей, хоккей спортын да өзіне серік етіпті.