Елордада «Тәуелсіздіктің белгісі – Астана» көрмесі ашылды

Елордада «Тәуелсіздіктің белгісі – Астана» көрмесі ашылды. Онда бас шаһардың бой түзеуінен бастап бүгінгі келісті келбеті бейнеленген отандық қылқалам шеберлерінің еңбектерімен танысуға болады. Тіпті өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған Арқа өңірінің сол кездегі тыныс-тіршілігінің көріністері де осында жайғастырылған. Сондай-ақ көрме қонақтары ұлттық құндылықтар мен тұрмыстық салттан сыр шертер кескіндемелік жұмыстар және қолданбалы қолөнер бұйымдарын көре алады.

АЙНҰР ӘБІЛХАЙЫРОВА, ТӘУЕЛСІЗДІК САРАЙЫНЫҢ КӨРМЕ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Шетелден келген қонақтарға қазақи болмысымызды таныту. Осы жерге келген көрермендер тек қана суреттер ғана емес, сонымен қатар біздің қолданбалы өнер жұмыстарын көре алады. Олар біздің мүсіндер ағаштан жасалған және ешкімде жоқ көшпенділердің қолданбалы өнері ол киіз басу, біз сол киіз басуды көрсетеміз.  

Егеменді елдің тәуелсіздік жылдарындағы жылнамалық көрмесін жергілікті және шетелдік тілшілердің обективіне ілінген фотосуреттер галереясы жалғайды. Елбасының шетелге іссапарлары мен елімізде өткен маңызды жиындар 30-ға тарта картинада көрініс тапты. Экспозицияда Қазақстанның әлемдік аренадағы саяси, мәдени жетістіктерімен қатар қаймағы бұзылмаған қоғамның бүгінгі бейбіт тірлігі айшықты бейнеленген.