Кілем тоқу – Орталық Азия халықтарының көнеден келе жатқан қолөнері. Кілемдердегі ою-өрнектер аймақтағы халықтардың көпғасырлық тарихи, экономикалық және мәдени байланыстарын, ортақ этногенезін көрсетеді. Сондай-ақ, олар сол замандағы адамдардың рухани әлемінен сыр шертеді. Ашхабадтың кілемдер мұражайының қабырғасында іліп тұрған мына кілем 2003 жылы Гиннестің рекордтар кітабына енген. Оның көлемі – 300 шаршы метр. Бұйымды сегіз ай бойы 40 адам кезек-кезек үзбей тоқыған. Бүгінгі күні әлемде ең үлкен кілем атағынан айырылғанына қарамастан, оны көрем деуші туристер әлі де мұражайға ағылуда. Жалпы музейде 2000 жәдігер бар. Олардың арасында жылқы мен түйенің үстіне жабатын кілемшелер, көшпелі тайпалар пайдаланған сөмкелер де бар.

ГҮЛШЫРЫН АМАНМҰХАММЕДОВА, МҰРАЖАЙ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Сөмкенің ішінде бұрын ыдыс-аяқ, тұз бен басқа заттар сақтаған. Сондай-ақ «чувал» деген декоративтік сөмкелер де бар, оның ішіне киім салатын болған.

Бұл мұражайда ескі кілемдерді қалпына келтірумен айналысатын өз мамандары бар. Микроскоп, ине мен жіптің көмегімен рестовраторлар көне бұйымдарды жарқытарып шығарады.

ОГЮЛЬСАПАР ШАРЫБАЕВА, ЖАҢҒЫРТУШЫ:

 - Ескі кілемді қалпына келтіруден гөрі жаңа кілем тоқып шығу оңай. Жаңа кілемнің 10 сантиметрін тоқуға екі күн кетсе, ескі бұйымды қалпына келтіруге он күн қажет.

Рестовраторлар қалпына келтірген жүздеген кілем осы мұражайдан орын алған. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер