Опера әншісі Жан Тапин "Астана Опера" сахнасында Джузеппе Вердидің «Травиатасын» орындады

Еліміздегі ең танымал, ерекше дауыс иесі – Жан Тапин операның классикалық өнердің ең жаухары екенін тағы бір дәлелдеді. Өнердің бұл түрінде фонаграмма, екінші дубль деген болмайды. Үнемі ізденіс үстінде жүретін әнші халық алдына шығар алдында өзіне үлкен жауапкершілік жүктейді. Сол әдетінше Жан Тапин Джузеппе Вердидің «Травиата» операсындағы Альфредтің партиясына ұзақ уақыт дайындалыпты. Ол Қазақстан сахнасында әйгілі шығарманы алғашқылардың бірі болып орындады.

ЖАН ТАПИН, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ:

 - Осы уақытқа дейін Абай атындағы опера және балет театрында Нұржамал Үсенбаева, Жәмиля Баспақовамен бірлесіп талай рет ән айттым. Сонымен қатар, Күләш Бәйсейітова атындағы театрда да өнер көрсеттім. Ал «Астана Опера» театрының сахнасына алғаш шығуым. Сахнадағы әр рөл – бір өмір. Егер рөлге еніп, оны шынайы  орындасаң көпшіліктің көңілінен шығасың. Сахна қошемет пен сүйіспеншіліктің ордасы. 

Франческо Мария Пьявенің либреттосына  Джузеппе Вердидің «Травиата» операсы кіші Александр Дюманың «Камелиялы әйел» романына негізделіп жазылған. Опера алғаш рет 19 ғасырдың соңында Венеция жұртшылығына танылды. Сол сәттен бастап шығарма өнерсүйер қауымның көңілінен шығып, бірден қошеметке ие болды. Аз уақыт ішінде «Травиата» қазақстандық көрермендердің де жүрегін жаулап үлгерді. 

ЖАН ТАПИН, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ:

 - Бұл өте танымал, баршаға белгілі опера. Қай кезде болмасын бұл қойылымға келушілер көп. Тіпті, аншлаг болып, көрермендердің театрға сыймай қалған кездері де болған. Әлем сүйіп тыңдаған шығарманы орындау, оның мән-мазмұнын жеткізе білу мен үшін үлкен құрмет. Бұл менің сүйікті партиям, сүйікті операм. Осы қойылым арқылы менің кәсіби шеберлігім шыңдалады, тәжірибем артады. Бұл орындаушылық қабілетімді арттыруға да сеп болады.

Әуезді  әуен мен кең тынысты  вокалды партия. Осы екі дүние   екі жарым сағаттық шығарманың һн бойында көрерменді өзіне баурап алады. «Астана опера» театрының декорациясы креативтілігімен өзгешеленді. Сахнадағы қимыл-әрекеттің айнала қойылған айнамен шағылысуы  париждік бойжеткен Виолетта Валери мен оның ғашығы Альфред Жермонның баянсыз махаббаты туралы хикаяны одан әрмен шиеленістіре түскен.