Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың мұрасы қазақтың ғана емес бұл күні барша адамзаттың құнды қазынасына айналып келеді. Ақын шығармашылығына арналған іргелі монография Әзербайжанда жарық көрді. Жинақта хакім Абайдың қанатты сөздерін, өлеңдері мен поэмаларының аудармасы топталған. Абайдың шығармаларына әзербайжан ғалымдарының қызығушылығы жоғары. Зерттеушілер ұлы тұлғаның туындыларынан қазақ пен әзербайжан халқына тән өзара ұқсастықтар мен байланыстырды тауып, бір жинаққа топтастырыпты. Оқу құралы филология факультетінің студенттері мен әдебиеттанушыларға, сыншылар мен түркітанушыларға арналған.

ПЕРИХАНЫМ СОЛТАНГЫЗЫ, ЗЕРТТЕУШІ:

 - Абайдың шығармашылығы әрқилы. Оның туындыларын зерттеуге немесе жеткізуге ұзақ уақыт керек. Ол күні бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпаған. Абай тек қазақ халқының емес, әзербайжан халқының да ақыны. Бүгінде Әзербайжанда Абайдың өлеңдеріне жазылған әндерді халық жақсы біледі. Бұл кітапта оның шығармаларын әзербайжандық жазушылармен салыстырып, зерделейміз. Оқу құралы қазақ тілін үйреніп жүргендер үшін де таптырмас дүние болады деп ойлаймын.

Шығыс Қазақстан облысындағы Курчатов қаласында Абай саябағы ашылды. Демалыс орны ақынның атындағы көше бойында орналасқан. Бақтың ішіне ағаштар отырғызылып, жайлы орындықтар мен Абайдың қара сөздері жазылған тақтайшалар қойылыпты. Құрылыс жұмыстарына бюджеттен 18 миллион теңге жұмсалған. Қалалықтар мен мектеп оқушыларының сүйікті жеріне айналған саябаққа әлі де көркейту жұмыстары жүргізілмек. 

АЛЕКСЕЙ ГЛАЗИНСКИЙ, КУРЧАТОВ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Бұл жер енді қалалықтар үшін отбасылық демалыс орнына айналары сөзсіз. Мұнда әлі көркейту жұмыстары жалғаса береді. Көктемде тағы да ағаштар отырғызып, жасыл желекке айналдыруды жоспарлап отырмыз. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер