Ташкенттегі қазақ мәдени орталығы – жас шеберлердің ордасы. Мұнда суретші де, мүсінші де, қолөнерші де бар. Ерік Құлмановтың қиялынан туған «Көшпенділер» туындысы тамыры терең тарихты жан-жақты дәріптеуімен ерекшеленеді. Ол қазақ халқының салт-дәстүрі мен тарихын қағазға кәдімгі қара кофемен бейнелепті.

ЕРІК ҚҰЛМАНОВ, СУРЕТШІ:

 - Алдын акварельді бояулармен салынатын мұндай жұмыстар. Мен кофемен салып көрдім. Ол адамдардың суретке деген қызығушылығын тудырды. Иісі аңқып тұрады. Сол тұрғыдан тартымды. Айырмашылығы тек техналогиясында. Қолданылатын қағаз бір  тек бояуы басқа.

Мүсінші Абдулла Базаров болса, ескіріп, еленбей жатқан саз балшықты қайта жарыққа шығарып келеді. Жас екендігіне қарамастан, қасиетті өнерді насихаттап жүр. Оның туындылары талай жарыстарда топ жарған. Тума талантты еңбекпен ұштастырса, биікке жетуге болады, дейді ол.

АБДУЛЛА БАЗАРОВ, МҮСІНШІ:

 - 2018 жыл - Ит жылы. Сондықтан  ағаш бетіне иттің суретін салып оны арнайы күйдіретін құрылғымен бедерлеп шықтым. Бұл өте оңай жасалады. Тіпті саз балшықтан да иттің мүсінін жасауға болады. Мен хаски мен тағы басқа иттің суреттерін салдым. Өйткені ол суық пен қыстың символы саналады. Әрі сыйлық ретінде беруге болады.

Гауһарай Құрбанова ұлттық өнерді әкеден үйреніпті. Қазір өзі ұстаздық етіп, ою ойып, кесте тігуді, текемет тоқуды жастарға үйретіп жүр. Ол Ұлы жібек жолы бойындағы жастардың өнерін топтастыратын «Еуразия» атты жинағын да жасап қойыпты. Онда жалпы ұлтқа ортақ ою-өрнектермен кескінделген киімдердің үлгісі бар. Ал мына көне танабау мыстан түйілген. Ертеде қазақтар бұл бұйымды тіл-көзден сақтау үшін сырт киімге таққан екен.

ГАУҺАРАЙ ҚҰРБАНОВА, ШЕБЕР:

 - Әлемге танылған орыс ақыны Пушкин «Өз мәдениетінің қадіріне жетіп құрметтей білмеген жан өзгенің мәдениетін қадірлей алмайды» деп айтып кеткендей біз өз мәдениетімізді жастарға үйретіп жатырмыз. Сол мәдениет арқылы олардың өзара сыйластығы достығы арттыру негізгі мақсат.

Ташкентте топтасқан қазақ шеберлерінің ендігі арманы – қазақ мәдени орталығында ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін музей ашу. Олар ұлтқа бөлінбейтін өнер кеңінен дәріптелсе ғана өміршең болады, дейді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер