Жезқазғанда Күйші әрі бақсы Досымбай Итемгенұлының көне қобызы табылды

Бұл көне қобыз атақты бақсы, күйші Досымбай Итемгенұлынан қалған мұра. Үш ғасыр бұрын жасалған аспап бақсының бесінші ұрпағы Дастанбек ақсақалдың шаңырағында тұр. Қарияның бәйбішесі қасиетті қобызды ақ матамен қаптап, төрге іліп қойыпты. Аспаптың шектері босағаны болмаса, сынын бұзбаған. 250 жыл бұрынғы жәдігер жиде ағашынан тұтас шабылып, терімен қапталып, еспесі мен ысқышы жылқы қылынан тартылыпты. Құлақ бұрауындағы шолпылар мен шанағындағы айнаға қарап бақсының қобызы екенін бірден аңғаруға болады. Бақсы қобызды 19 ғасырда Баржығұл деген шеберге жасатып, немересі Жұмаділдәға аманаттаған екен.  

ЗИПАН ДОСЫМБАЕВА, ЖЕЗҚАЗҒАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - 82 жасында қайтыс болыпты ол кісі. Осы Жұмаділдә атам 2-3 жастағы немересі екен. Сонда айтыпты ол кісі, осы қобызды мына Жұмаділдәға беріңдер деп.

Кейін аспап Жұмаділдә ақсақалдың баласы Дастанбекке қалған. Ері өмірден өткен соң, әулеттің келіні Зипан әжей құнды жәдігерді жақсы сақтаған. 1973 жылы Ленинградтан орыс зерттеушілері келгенде бермей, жергілікті музейге өткізуге де қарсылық танытып отыр. 

ҒАБДОЛ ӘУЕЗОВ, ТАРИХШЫ, АРХЕОЛОГ:

 - Негізі болашақта бұл кісінің қобызы мұражайда тұрғаны дұрыс. Досымбайдың өзінің киесі бар деп айтылады халықтың арасында. Мүмкін сол себептермен мұражайға өткізбеуі әбден мүмкін.

Досымбай Итемгенұлы қазақ жеріне аңыз болып тараған соңғы бақсылардың бірі болған. Мына көне қобыз Досымбай бақсыға қатысты ашылған алғашқы жаңалық. Ол Қорқыт баба мен Қойлыбай күйшіден қалған дәстүрді жалғастырушы. Алайда оның тұлғалық бейнесі мен өмір жолы толық зерттеуді қажет етеді.