«Биге айналған өмір». Алматыда көрнекті балетмейстер Рамазан Баповтың шығармашылығына арналған үлкен кеш өтті. 

1958 жылы Алматыға Мәскеу хореография училищесінен арнайы комиссия келеді. Комиссия мүшелері іріктеу өткізіп, қазақтың ең талантты деген 12 баласын таңдап алады. Олардың ішінде Рамазан Бапов пен Наталья Арынбасарова бар. Қос балетмейстер алғаш вокзалда қауышады.

НАТАЛЬЯ АРЫНБАСАРОВА, АКТРИСА:

 - Біз ол кезде тым кішкентай едік, жасымыз шамамен 10-11-де. Әлі де бала болсақ та Мәскеуге оқуға жолға шықтық. Қасымызда ата-анамыз жылап тұрды. Шығарып салушылардың арасында училищенің директоры Саша Селезнов те болды. Ол «Мені ұятқа қалдырмаңдар!» деп көзіне жас алып шығарып салды. Қоштасар кезде үнсіз тұрған, келбетті бала көзіме түсті. Ол бәрінен биік көрінетін. Өзіне жымиысы жарасымды еді.    

Талантты биші Мәскеуге тым бозбала кезінде келді. Ол озат оқушы болды. Училищені үздік аяқтаған соң Ресейдегі Үлкен театрда қызмет етуге ұсыныс түсті. Ол әлемнің барлық сахналарында өнер көрсете жүріп, өзіне көзайым көрермен тапты, танымал өнер майталмандарының ыстық ықыласына бөленді. Атақты балерина Майя Плисецскаяның өзі оны жоғары бағалаған. Рамазан Бапов Қазақстан балетінде Кеңес одағының халық артисі атағын алған жалғыз өнерпаз болатын. Себебі, өзінің қайталанбас қимылдары арқылы ерлер биінің бірегей мектебін қалыптастырды.   

АЯ ҚАЛИЕВА, А.СЕЛЕЗНЕВ АТЫНДАҒЫ АЛМАТЫ ХОРЕОГРАФИЯ УЧИЛИЩЕСІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Жақында ғана Мәскеу мемлекеттік хореография академиясында өткен конференцияға қатыстым. Сонда, сол оқу орнының түлегі Рамазан Бапов туралы жылы пікірлер айтылды. Олар оның кәсіби әрі шебер орындайтын қимылдарын ұмытпапты.

Рамазан Бапов виртуоздық техника, артистік шеберлік, қайталанбас қимыл-қозғалысымен көптің көңілінде. Ол Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары Елбасының шақыртуымен елге оралды. Алматыдағы опера және балет театрына келіп, балет труппасын басқарды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер