Қазақстандағы бейнелеу өнерінің тұтастай тарихы бір каталогта. Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінде «Қазақстанның көркемсуреті» кітабы көпшілікке таныстырылды. Екі бөлімнен тұратын басылымға бейнелеу өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар суретшілердің картинасы енген. Жинақ өнер зерттеушілері мен қылқалам шеберлерінің  еңбектерімен танысқысы келетіндерге көп мәлімет береді.

СВЕТЛАНА КОБЖАНОВА, «ҚАЗАҚСТАН КЕСКІНДЕМЕСІ» ЖОБАСЫНЫҢ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ:

 - Бұл кітап тек мұражай үшін ғана емес, қызметкерлер, әлемдік өнер зерттеушілері үшін маңызды. Себебі, картиналардың топтамасын жасау, сақтау, оны зерттеу өнердің маңызды бағыттарының бірі. Қазақстанның кескіндеме өнерінің бір жинаққа топтастырылуы өте ыңғайлы.   

Жинақ сурет өнерінің тарихына, бүгініне шолу жасап, 1936 мен 2016 жылдар аралығын қамтиды. Бірінші томға мыңнан аса шебердің картинасы енген. Бір жүйемен тізілген коллекция кескіндеме өнерінің кезең-кезеңімен дамуын көрсетеді.

КЛАРА ИСАБАЕВА, Ә.ҚАСТЕЕВ АТЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК ӨНЕР МУЗЕЙІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

 - Жинақта музей коллекцияларындағы барлық қылқалам шеберлерінің туындылары топтастырылды. Егер қандай да бір өнертанушы қазақ кескіндемесінің тарихымен танысқысы келсе, бұл каталогтан көптеген мәлімет алары анық.  

Жинақ қазақ өнерін бүкіл әлемге насихаттауға, кеңінен таныстыруға бағытталған. Өте жүйелі түрде жүргізілген еңбектің екінші бөлімін шығару келер жылға жоспарланып отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер