Абай атындағы опера және балет театрының өнерпаздары Италияда «Аққу көлі» балетін қойды

Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрының Италиядағы гастролдік сапары Фермо қаласында жалғасты. Қазақстандық өнер ұжымы жергілікті «Театро дель акуила» театрында Чайковскийдің «Аққу көлі» балетін қойды.

Чайковскийдің сиқырлы әуені және мәңгілік махаббат жайындағы қойылым. «Аққу көлі» балеті бүкіл әлемге жақсы танымал. Сәйкесінше, қанша мәрте қойылса, жұрт сонша мәрте көруге дайын. Фермо қаласындағы шығармашылық кеш соның дәлелі.

ГҮЛЖАН ТҮТКІБАЕВА, ҚР ХАЛЫҚ АРТИСІ, БАЛЕТ ТРУППАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Бұл сахнаның ерекшелігі оның біршама көлбеу орналасқандығында. Сондықтан артистерімізге аз уақытта бейімделуге тура келді. Бишілердің ептілігіне ризамын. Бәрін мінсіз орындап шықты.

ФРАНЧЕСКО ТРАЗАТТИ, ФЕРМО Қ. МЭРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Әр театр маусымы сайын бағдарламамызға халықаралық гастрольдерді қосуға тырысамыз. Яғни, жергілікті тұрғындарға басқа елдің өнері мен өнерпаздарын өз көзімен көруге мүмкіндік жасаймыз. Осы тұрғыда сенімімізді ақтаған қазақстандық ұжымға алғысым шексіз. 

Қала басшысы орынбасарының айтуынша, Фермо қаласының тұрғындары театр өнерін аса жоғары бағалайды. Оған қойылым аяқталғаннан кейінгі халықтың эмоциясы дәлел. Көрермендер ұжымның кәсібилігін атап көрсетіп жатты.

САУАЛНАМА:

 - Қойылым өте керемет өтті. Қазақстандық ұжымның кәсіби шеберлігі тәнті қылды.Сонымен қатар, залдағы декорация да ерекше жасалған.

 - Қойылым көңілімізден шықты. Балет артистері жарады!.

Қазақстандық театр ұжымы Ези қаласында да өнер көрсетіп, «Інжуді іздеушілер» спектаклін қойды. 1983-ші жылы тұңғыш рет Парижде орындалған қойылымды біздің өнерпаздар жоғары деңгейде ойнап шықты. Оқиға желісі бойынша Цейлон аралында інжу іздеген бір топ адам су перісін кезіктіреді. Қойылым осы сәттен өрбиді. Зурга есімді көсем мен Надир атты аңшы сұлу бикеш - Лейлаға ғашық болады. Су перісінің рөлін сахналаған алматылық театрдың солисі - Зарина Алтынбаева.

НҰРЖАН БАЖЕКЕНОВ ЖӘНЕ ЗАРИНА АЛТЫНБАЕВА,  АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚМАОБ ТЕАТРЫНЫҢ СОЛИСТЕРІ:

 - Осы қойылымда қатты қобалжыдық. Тарихи театрдың сахнасында ойнау оңайға соққан жоқ. Бұл біз үшін тәуір тәжірибе болды. Ең бастысы көрерменнің ықыласына бөленгенімізге қуаныштымыз. Залдың акустикасы мен көрерменнің қошеметі бізді шабыттандыра түсті. Операдан өзіміз де керемет әсер алдық. 

Атақты италияндық композитор Джованни Перголези атындағы театр сахнасына алматылық өнер ұжымы алғаш рет шығып тұр. Бірақ, артистер Ези қаласына тәжірибе жинақтауға сан мәрте келген.