Мұхтар Әуезовтың 120 жылдығы Ташкентте атап өтілді

Мұхтар Әуезовтың 120 жылдығы әлем бойынша аталып өтіп жатыр. Ташкентте өткен кеште жазушының өмірі мен шығармашылығы жайлы кеңірек баяндалды. Мұхтар Әуезов сонау 1922 жылы Ташкенттегі Орталық Азия мемлекеттік университетінде еркін тыңдаушы болған екен. Кейін сонда аспирантураны тәмамдаған. Арасында шәкірттерге дәріс те оқыған. Ташкентте жүргенде «Ақ жол» газетіне екі елдің достығы мен рухани байланысын дәріптейтін мақалалар жазған. Ал, әдебиетте  өзгеге ұқсамайтын сара жол салды. Қазақ халқын әлемге әйгілеп, Абай сынды ұлы тұлғамен ұлтымызды танытты.

БАХТИЯР НАЗАРОВ, ӨЗБЕКСТАН ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ АКАДЕМИГІ, ПРОФЕССОР:

 - М.Әуезовтің 50 томнан астам дүниелері жарық көрді. Мұндай шығарма Орталық Азия елдерінде жоқ. Әлем әдебиетінде де некен саяқ. Ең маңыздысы қай қырынан алып қарасаңыз да, ол әдебиет, ғылым, фольклор болсын, барлығының берері мол. Ол халықтардың ауыз бірлігін достығын және тыныштықтың қадірін түсінуге тәрбиелейді.

Әуезовтың «Еңлік-Кебек», «Түнгі сарын», «Айман –Шолпан», «Абай», «Ақ қайың», «Тартыс» сияқты шығармалары қазақ әдебиетінің даму тарихында ерекше орын алады. Ал, Өзбекстанда жазушыға арнап «Әуезов пен Айбек» «Әуезов және жаһан әдебиеті» сынды дүниелердің жазылуы оның достыққа берік болғанын білдіреді.

МҰРАТ ӘУЕЗОВ, ҒАЛЫМ:

 - Ұлт ретінде халық ретінде бауырлас елдер ретінде бір-бірімізді әбден сағыныппыз.Қандай жағдай болмаса да, біз бір бірімізді ұмытпаймыз.

Ұлы суреткер Мұхтар Әуезовтың туындыларымен қырғыз ғалымдары жақсы таныс. Олар жазушының 120 жылдық мерейтойына орай шығармашылығына шолу жасап, еңбектерін зерттеп шықты. Өз заманында талай кедергілерге мойынсұнбаған қазақ классигінің мұрасы әлем әдебиетінен ойып тұрып орын алады.  Әуезовтың айырқалпақты ағайынның ұлы шығармасы «Манас» эпосын  қорғауға  ерекше атсалысқаны ел есінде.

МҰРАТ ЖҰМАТАЕВ, ҚЫРҒЫЗСТАН ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Жазушы 1930 жылы «Манас» эпосын зерттеп, қырғыз ағайынның «алақандай намысын алып беруге» атсалысқаны үшін екі жарым жылға сотталып кеткен. Бауырлас елдің ұлттық мұрасын, өз мүддесінен жоғары қоя білген Мұхтар Омарханұлының әдебиет жолындағы ерен еңбегі еш ұмытылмайды. Себебі, сол жылдары «Манас» тағдыры тәлкекке ұшырап, содан айырылып қалу қаупі туған еді.

Мұхтар Әуезов Шыңғыс Айтматовтың ұстазы болған.  Әдебиеттанушылардың айтуынша, Қырғыз жазушысын шығармашыл ортаға баулып, бағдар көрсетіп, әдебиет майданына әкелген екен. Айта кетейік, Орталық Азия халықтарының тыныс-тіршілігі ғана емес әдебиеті мен мәдениеті де ғасырлар бойы   біте қайнасып жатыр.