Дәстүрлі «Қансонар» бүркітшілер сайысы халықаралық деңгейге көтерілді. Бурабай бауырында өткен шараға еліміздің құсбегілерінен бөлек, Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия елінен саятшылық өнердің майталмандары жиналды. Ұлттық спорт қауымдастығының бекіткен ереже бойынша аңшы құстар қолға қону, еркін ұшу, шырғаға салу сайыстары бойынша сынға түсті.

МАРАТ ҚОЙШИН, ТУРНИРДІҢ БАС ТӨРЕШІСІ:

 - Басқа мемлекеттермен біздің ережелеріміз мынау бүгінгі күннің талабына сай анау жануарларға қиянат көрсетпей, қоян, қасқыр, түлкіге салмаймыз.  Тек қана шырғаға салу. Шырғаға салу, ол ненің терісі ғой, жануардың. Аттың құйрығына 50 метр жіпке байлап тартады. Уақытты аламыз ұшқанын, алғанын. Сонымен арасынан чемпион шығарылады.

Жүлде қорында 2 млн теңге ақшалай сыйлықтан бөлек, бас бәйгеге жеңіл автокөлік бар. 50-ге жуық құсбегі жиналған турнир жоғары деңгейде өтті.

Қазақпен біте қанасып кеткен саятшылық өнері бір кездері кенжелеп қалғаны рас. Бүгінде олқылықтардың орны толтырылды, «Қансонар» бүркітшілер турнирі Көкше жерінде 12 жыл қатарынан дәстүрлі түрде өткізіліп жатыр.  

АРМАН КҮНТУҒАНҰЛЫ, ҚАТЫСУШЫ /АСТАНА/:

 - Мен енді біраз жерлерде осы бүркітпен жүлде алдым. Бұл менің бірінші жарысым емес. Талай жарыстарға барып жүрміз.  Жақсы дәрежеде өтіп жатыр бұл жарыс. Халықаралық дәрежеде өту деген ол жақсы уровень деп айтуға болады ғой.

Биылғы бәсеке Тәуелсіздік күніне арналып, ақмолалық атақты құсбегі Мәсіп Батырханұлын еске алу құрметіне орай ұйымдастырылды. Жарыстың нәтижесінде ақмолалық Қанат Шүленбаев автокөлік  иеленіп, қалған қатысушылар қомақты сыйлықтармен марапатталды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер