Түркияда Мұхтар Әуезовтың 120 жылдығына орай конференция өтті

Ұлы суреткер Мұхтар Әуезовтың шығармалары барша түркі халықтары үшін құнды мұра. Сондықтан жазушы шығармаларын түрік оқырмандарына тереңірек таныстыруымыз керек. Бұл туралы тілші-ғалымдар  Ыстамбұлда жазушының 120 жылдығына орай өткен конференцияда айтты. Шараны түркі дүниесі одағы мен қазақ түріктері білім және зерттеу қоғамы ұйымдастырыпты. Отырысқа түріктің танымал әдебиеттанушылары мен қазақ диаспорысының өкілдері, тіл мамандары мен филология факультетінің студенттері белсене қатысты. Алқалы жиында  Анкарадағы Гази университетінің доценті, қазақ әдебиетін зерттеуші ғалым Жәмиля Кынаджы Мұхтар Әуезовтың шығармашылығына шолу жасап, еңбектеріне кеңінен тоқталып өтті.

ЖӘМИЛЯ КЫНАДЖЫ, ГАЗИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ДОЦЕНТІ:

 - Біз үшін Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылығын зерттеп, зерделеу өте маңызды. Себебі жазушының еңбектері арқылы біз қазақ халқының тыныс-тіршілігі мен әдет-ғұрпын жақыннан тани бастаймыз. Өйткені Әуезов қазақтың біртуар классик жазушысы. Ал оның қаламынан шыққан көркем туындылар халықтың асыл мұрасына айналғалы қашан. Бір ғана «Абай жолы» роман-эпопеясының өзі не тұрады?! Бүгінде жазушының тырнақалды еңбектері түрік тіліне де аударылды. Алайда ол туындыларды түркиялық оқырман қауымға кеңінен таныстыру қажет. 

ӘЛМИРА ҚАЛИЕВА, ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР ИНСТИТУТЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Бүгінгі іс-шараға ресми мекемелердің де, халықтың да бірі қалмай келіп, ниеттестік, тілектестік білдіріп қатысып жатқаны қуантады. Бұл біздің елдігімізді танытатындай, қуантатындай шара деп ойлаймын. Тек Қазақ елінде ғана емес, қазақтар қоныстанған барша дүниенің түкпір-түкпірінде тойланып жатуы бұл Әуезов тұлғасының қаншалықты ұлы екендігін де көрсететін, Қазақ елінің бірлікте екендігін дәлелдеген жағдай болды деп ойлаймын.