Ертіс өңірінің джаз оркестрі музыканттары Астананың 20 жылдығы мен Тәуелсіздік күніне тамаша тарту жасады. Шығармашылық ұжым отандық және шетелдік композиторлардың үздік туындыларын орындады. 

Мерекелік шараның маңызы мен ауқымы кең. Концертте қобыз үнімен түрленіп, жаңа серпін берген бірнеше шығарма орындалды. Талғампаз көрермендердің  джаз музыкасына деген ықыласы арта түсті.       

Әлемге әйгілі джаз музыкант Сидней Бешенің «Кішкентай гүл» туындысы тұңғыш рет қобыз үнімен үйлесім тапты.

АИДА ӘБЕНОВА, МУЗЫКАНТ:

 - Бұл шығармаға қоңыр қобыздың үні ерекше рең берді. Туынды маңызын жоғалтпай, түрлене түсті. 

Павлодарлық джаз оркестрі сонау 90-шы жылдары джаздың Отаны - АҚШ-та өнер көрсетіп, Антланта қаласының көрермендерін тәнті еткен еді. Қазақ джаз мектебінің өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан, ал ондағы музыканттардың кәсіби шеберлігі жоғары деңгейде,-дейді оркестрдің тұрақты жетекшісі Виктор Шейкин.

ВИКТОР ШЕЙКИН, ДЖАЗ ОРКЕСТРІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Ертіс өңірінде джаз сүйер қауым ғана емес, кәсіби музыканттардың толқыны қалыптасқаны қуантады.

Бірегей ұжым дарынды өнерпаздардың бірнеше толқынын тәрбиелеп шығарды. Мұнда ұрпақтар сабақтастығы үзілмеген. 16 жасар Артем Таранов оркестрдегі ең жас музыкант. Аға буын бұл жас дарынға зор үміт артып отыр.

АРТЕМ ТАРАНОВ, БАРАБАНШЫ:

-  Барабан – джаз оркестрдің негізгі аспаптарының бірі. Талай белесті бағындырған ұжымның мүшесі болғаныма қуаныштымын.

Қазақстандық оркестр шетелдерге іссапарға жиі шығады. Сонымен қатар, туған жерге есептік концерт беруді де ұмытпайды. Алдағы уақытта шығармашылық ұжым көрнекті музыканттардың қатысуымен Ертіс өңірінде «Джаз палитрасы» фестивалін өткізуді жоспарлап отыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер