«Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырымда барша адамзаттың мыңжылдық өмірі үшін қолыма қару алдым».  Бұл – жарты әлемді жаулаған жаһан әміршісі  Шыңғысханның қалдырған өсиеті. Талай шығармаға арқау болған даңқты қолбасшының тылсымға толы тағдыры сахнада жаңа шешіммен көрініс тапты. Бұл – көк бөрілер ұрпағының амандығы мен халқының азбауы, жерінің тозбауы қамында жанын пида еткен нар тұлғаның «Түркі баласы» атанып, әлеммен мойындалуын  оқиға өзегіне айналдырған қойылым.  

БОЛАТ ҰЗАҚОВ, РЕЖИССЕР, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

 - Қазір енді жалғыз біз емес, бүкіл ғалымдарда, тарихшыларда айтып жатыр Шыңғысханның негізгі мақсаты – өзінің жаулап алған жерлерінде тыныштық орнату. Ең негізгі ойы: «егер де жер бетіндегі барлық халық тек бір адамға бағынса, ешкім бір-бірімен соғыспай, тыныштық өмір болады» дегендей оның өзінің арманы болған.

2000 жылы АҚШ-тың «Time» журналы Шыңғысханды «мыңжылдық адамы» деп жарияланғаны баршаға мәлім. Сондықтан қойылымда бас кейіпкердің толағай табыстары мен ұрыс даласындағы сансыз жеңістерінен бұрын, Мәңгілік ел құру жолындағы ішкі жан күйзелістерін ашуға мән берілді. Спектакльге Шыңғысханды ақ киізге хан ғып көтеру сәтіне дейінгі нөкерлері, қоластындағы сенімді адамдарымен өткен кеңестері, анасы, сүйгенімен сырласқан әңгімелері енді.

ЖАНҚАЛДЫБЕК ТӨЛЕМБАЕВ, АКТЕР, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

 - Бұрынғы тарихтарымызда Шыңғысханды барлығы сұм-сұмырай, қанішер, озбырғып көрсетеді. Бірақ біздің музыкалық қойылымда Шыңғысханды қоғам қайраткері, ойшыл, дана, ғалым, ұлы философ деп алып отырмыз. 

Қойылымның енді бір өзгеден ерекшеленіп тұратын тұсы – ол арнайы жазылған әуендер қазақ ұлттық оркестрінің сүйемелдеуімен сахна төрінен орындалуында. Сонымен қатар, музыкалық-театрландырылған спектакль заманауи мәнерде әрленіп, бейнебаяндармен ұласып отырды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер