Қазақтың ұлттық ойыны «Асық ату» ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілді

Қазақтың ұлттық ойыны «Асық ату» ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілді. Бұл шешім Оңтүстік Кореяның Чеджу аралында өткен үкіметаралық комитетінің 12-ші сессиясында қабылданды. Асық ату ойыны ЮНЕСКО елдері бойынша балалық шақтың ұлттық символы ретінде тіркелді. Бұл ойын адамның жасы мен этникалық, діни көзқарасына қарамайды.

ТИМ КЕРТИС ЮНЕСКО ҰЙЫМЫНЫҢ МАТЕРИАЛДЫҚ ЕМЕС МҰРАЛАР СЕКТОРЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Мен Қазақстанды шын жүрегімнен құттықтаймын. Ұлттық ойындарыңыз ЮНЕКСО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енді. Бұл үлкен жетістік.

Ал, алаң сыртында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі шетелдіктерді асық ойнаудың қыр-сырымен таныстырып жатты. Айта кетейік, елімізде алты жыл бұрын аталған ойынның ережелері қабылданған болатын. Халықаралық және республикалық турнирлер дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда бүгінде алты мыңға жуық адам асық ойнайды.

ЖОМАРТ САБЫРЖАНОВ – "АСЫҚ АТУ" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Бір нүктеге қарап тұрғаннан кейін көздің бұлшық еті дамымай қалады да жасаурап, көздің несі құрғап қалғаннан кейін, дәрігерлердің дәлелдегені заты миопия ауруына ұшырайды да, соның бірде-бір емі – таза ауаға шығып, осы асықты көзбен қуалай отырып көздің етін дамыту.    

ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізімінде Қазақстаннан 7 номинация бар: «Домбырамен күй орындау», «Қазақ күресі», «Бүркітпен аң аулау», «Жұқа түрік наны», Қырғызстанмен бірлесе «Киіз үйді құру» номинациясы және «Айтыс өнері», сонымен қатар, «Наурыз» бойынша өтінім берген 12 мемлекеттің қатарына кірдік.

ЖАНАР ШӘЙМЕНОВА, ҚР СІМ ЮНЕСКО ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОМИССИЯСЫНЫҢ ЕКІНШІ ХАТШЫСЫ:

 - Келесі жылы Қазақстан ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі үкіметаралық комитеттің комиссия мүшесі болуға үмітті. Яғни, Қазақстан қатысушы елдердің номинацияларын қарастыратын елдердің қатарына енеді.

Қазақстанның аталмыш ұйымның үкіметаралық комитетіне қосылуы туралы өтініші 2018 жылдың маусым айында өтетін кездесуде қаралады.