Қазақстандық Данэлия Төлешова украиналық «Голос.Дети» жобасында көрермендерін тағы да таң қалдырды

Талант табындыра біледі. Қазақстандық Данэлия Төлешова украиналық «Голос.Дети» жобасының төртінші маусымында көпшілікті таң қалдыруда. Оның әнін ютубтан бір ай ішінде алты млн-ға жуық адам тамашалап, 9 мыңы пікір қалдырған. Ән байқауы кезең сайын күрделене түссе де, дарынды жас жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Талантты орындаушы балалық арманымен бөлісті.

ДАНЭЛИЯ ТӨЛЕШОВА,  «ГОЛОС. ДIТИ» ТАЛАНТ-ШОУЫНЫҢ ҚАТЫСУШЫСЫ:

 - Арманым – қолға алған кез-келген ісімнің маманы, сол істің шебері болғым келеді. Ән салғанда да солай, ән сөздерін жүрегіммен айтамын, жанымды саламын, тыңдап отырған көрермен мен сияқты сол әнге ғашық болуы тиіс.

Бұл айтқанын Данэлия «Голос. Дети» телешоуының екінші кезеңінде тағы бір дәлелдеді. Ол өз дарынымен жобаның төрешілері мен көзі қарақты көрерменнің жүрегін жаулап алды.

НАТАЛЬЯ ЧУРАКОВА, ҰСТАЗЫ:

 - Данэлия бұл жолы жеңіске ұмтылып,  намысқа тырысты. Әнді нақышына келтіріп бар жан-тәнімен беріле орындады. Оған осы қасиеттер көмектескен сияқты.

Данэлияның мақсаты айқын. Ол Қазақстанды өз өнерімен әлем жұртшылығына танытуды көздейді. Бұл тұрғыда жас талант діттегеніне жетіп жатыр.