Түркістан  шаһары - Түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарды. ТҮРКСОЙ-ға мүше елдердің өкілдері жылды қорытындылау жиынында осындай пікір айтты. Түркістанда биыл 40-тан астам мәдени шара өткен. Оның ішінде, опера жұлдыздарының концерті, күлкі жәрмеңкесі, суретшілер көрмесі мен театр өнері, би фестивалі, ақын-жазушылардың кездесулері бар. Бауырлас елдердің ортақ мәдениеті мен тарихын ұлықтау мақсатында өткен аталмыш іс-шаралар түркі тілдес ұлттардың рухани өміріне жаңа серпіліс әкелді.   

БЕКЖІГІТ СЕРДӘЛІ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Дәл осы шара арқылы Түркі жұртының мәдениетімен танысты, дәстүрімен танысты. Қысқасы, бір-біріне бауыр тапты. Түркістан ерекше бір мерекеге бөленді. Қаламыздың осылай елге танымал болып жатқанына біз ерекше қуаныштымыз. Түркі жұрты жасасын!

Мәдени астанаға түркітілдес халықтардың мәдениет министрлері келіп, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының кезекті отырысы өтті. Жиында жыл бойы өткен іс-шаралардың мақсаты мен мазмұны сараланып, баға берілді. Келер жылдың жоспары жасақталып, қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың, қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың және Әзербайжанның белгілі композиторы Кара Караевтың мерейтойлық жылын атап өтетін болды. Жиын соңында кеңестің шешімімен алдағы мәдени астана мәртебесіне Түркияның Кастомоно қаласы ие болды.

ДҮЙСЕН ҚАСЕЙІНОВ, ТҮРКСОЙ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМЫНЫҢ БАС ХАТШЫСЫ:

 - Бірінші рет біз үш тұлғаны бірге жариялап отырмыз. Бұрын бір-бірден болатын. Түркі дүниесінде мұндай талантты адамдар өте көп. Тарихи тұлғалар жеткілікті. Сондықтан, бізге де жұмыс көбейіп жатыр. Біз оған қуанамыз.

«Түркістан - түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының салтанатты жабылуы өнерпаздардың гала концертіне ұласты. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер