Анкарада «Бар байлығым – достарым» атты мерекелік фестиваль өтті

Анкарада «Бар байлығым – достарым» атты мерекелік концерті өтті. Дүйсен Қасейіновтің ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымымен бірлескен шара бұған дейін Стамбул, Болу қалаларында ұйымдастырылған. Халықты жақындастыратын өнер десек, түркі әлемін бір-бірімен жымдастырған бұл фестивальге автор 20 жыл іштей дайындалыпты. Ол әр шығарманы терең зерделеп, тыңдарманның көңіл түкпіріне еркін бойлағысы келген.

ЯЛЧЫН ТОПЧУ, ТҮРКИЯ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ БАС КЕҢЕСШІСІ:

 - Дүйсен Қасейінов – түркі дүниесінің мақтанышы. Ол - «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат. Әсіресе, оның тұлғалық қасиеті, зиялы көзқарасы, өнердегі шеберлігі мен еңбек жолындағы кәсібилігі бүгінгі жас буынға үлгі-өнеге болуы тиіс.

Өз ортасында «даланың түркісі» атанып кеткен өнерпазға, замандастарының қошеметі ерекше. Аталмыш фестивальдің «Бар байлығым-достарым» аталуы да осыда болса керек. Салтанатты шарада Дүйсен Қасейіновтің өмірдегі, өнердегі достары, әр елдің белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері бас қосты. Концертте қазақ композиторларының шығармалары, түркі халықтарының, әлемнің үздік классиктерінің туындылары шырқалды.

РОВШЕН НЕПЕСОВ, ТҮРКМЕНСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ, КОМПОЗИТОР-ДИРИЖЕР:

 - Дүйсен Қасейіновпен әрбір кездесуім мен ол жайлы газет бетінен, интернеттен оқып тоқығаным мені тебірентіп, ерекше шабыт сыйлатынын жасырмаймын. Соның әсерімен оған арнап ән жаздым.

Мерекелік шарада  Дүйсен Қасейінов шәкірттерімен бірге Антонио Вивальдидің «Төрт скрипкаға арналған концерті» мен Фрэнк Синатраның атақты «My way» композициясын нақышына келтіріп орындады. Талғампаз көрермен скрипканың үніне ерекше ықылас қойды.

ЯСАМАН ЧАЛЫШКАН, КӨРЕРМЕН:

 - Концерт өте керемет өтті. Түркі өнерпаздарының қатысуымен мұндай салтанатты кештердің жиі ұйымдастырылуын қалаймын. Бүгінгі кеште бастан-аяқ 21 шығарма орындалды. Оның әрқайсысы мен үшін өте әсерлі болды деп айта аламын.

Кеш соңында Түркиядағы елшіміз Абзал Сапарбекұлы ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейіновке Елбасының Жарлығымен I санатты Төтенше және өкілетті уәкіл дипломаттық дәрежесін табыстап, Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің «Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметіне 25 жыл» мерекелік медалімен марапаттады. Еуропадан бастау алған мерейтойлық фестиваль алда Қырғызстан мен Әзербайжан елінде де жалғасын таппақ.