«Астана Опера» театрының ұжымы Италияның Генуя қаласында гастрольдік сапармен болып қайтты

«Астана Опера» театрының ұжымы кезекті рет шетел сахнасында ерледі. Еске салайық, жергілікті өнер ошағының балет труппасы Италияның Генуя қаласында гастрольдік сапармен болып қайтты. Сырт мемлекет қауымның назарына Морис Жаррдың аты аңызға айналған "Париж Құдай анасының соборы" спектаклі ұсынылған еді. Көпшілікке танымал «Карло Феличе» театрында тұңғыш рет сахналанған қойылымға 6 мың билет сатылыпты. Көптеген әлемдік сахналарды бағындырған классикалық туындыны екі күн қатарынан  тамашалаған Италия жұртшылығы қазақстандық саңлақтардың өнерін аса жоғары бағалаған.

АЛЕКСАНДР СОВОСТЬЯНОВ, «АСТАНА ОПЕРА» ТЕАТРЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Солистерімізді жібермей қойып, сахнаға үш мәрте шақыруын біздің шығармашылығымызға берген аса жоғары баға деп білемін. Біз әлемдік деңгейдегі балет қойылымдарын шығармашылық ізденіске толы шеберлігімізді танытатын осындай сапалы жұмыстармен еліміздің намысын аброймен арқалап жүргенімізді мақтан тұтамыз. Ол үшін бізде бар жағдайлар жасалынған. 

Ендігі мақсат – қытайлық өнер сүйер қауымның көңілін табу. Труппа толық құраммен желтоқсан айында аспан асты елінің бас қаласы Бейжіңде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ұлттық өнеріміздің жауһары «Абай» операсын сахналауға қамданып жатыр. Таңдау бекер емес. Себебі бірегей төл туындымыз қазақ мәдениетінің төрт бірдей кемеңгер тұлғасының есімімен байланысты. Олар: ұлы Абай, либретто авторы Мұхтар Әуезов және композиторларымыз Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди. 

Өзгеге рухани мұрамыз бен ұлттық құндылықтарды дәріптеуші қара шаңырақ жақында әлемге әйгілі Ла Ска Ла театрының академиясымен  ынтымақтастық орнатыпты. Келісім өнер ошағы ұжымының шеберлігін шыңдау қамында жасалған.

АЛЕКСАНДР СОВОСТЬЯНОВ, «АСТАНА ОПЕРА» ТЕАТРЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Ол тек қана әнші, концертмейстер мен опера музыканттарын оқыту деген сөз  емес. Сахнаның сыртында қалатын грим жасаушылар, дыбыс режисерлері мен техникалық мамандарымыз, театр менеджерлері шеберлік курстарынан өтеді. Қойылымдардың басы-қасында жүретін қызметкерлерді  толықтай қамтуға тырыстық. 

Театр жаңа маусымда жергілікті өнер сүйер қауымдыда бірқатар жаңа опера және балет туындыларымен қуантатын болады. Тың шығармашылық жұмыстармен ел аралау жағы да қарастрылып жатыр.