Нидерланд астанасында мемлекеттік классикалық музыка ансамблі «Қазақстан Камератасының» концерті өтті. Ансамбльдің кеші Құрманғазының танымал керемет күйлерінен басталып, көрерменді Ұлы Дала сазымен тамсандырды. Ал барокко композиторларының стилінде өңделген «Битлздың» аңызға айналған әуендері қазақ музыканттарының шеберлігін паш етті.

ГАУХАР МҰРЗАБЕКОВА, «ҚАЗАҚСТАН КАМЕРАТАСЫ» МЕМЛЕКЕТТІК КЛАССИКАЛЫҚ МУЗЫКА АНСАМБЛІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Бұл үрдіс қазір әлем бойынша танымал. Классика жыл өткен сайын өзінің шекарасын кеңейтіп жатыр. Сондықтан, біз барокконы осындай жеңілдетілген нұсқада орындағанда, Қазақстанның деңгейі бүгінде өте жоғары екенін әлемге танытып жатырмыз.

ЭВЕЛИН БЯЙЛ, ASTANA EXPO-2017 НИДЕРЛАНДЫ ПАВИЛЬОНЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Қазақстанда өткізген күндерімді, серіктестіктерімізді есіме алдым. Бұрындары сіздердің елдеріңіз  жайлы көп біле бермейтінмін. Бірақ, ол жақта алты ай болған соң, өзімді үйдегідей сезінемін. 

ДЖЕК ДИЛЛОН, ДЕЛФТ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ /НИДЕРЛАНДЫ/:

 - Өзімнің жастық шағым, Алматыға барғаным есіме түсіп кетті ғой. Көктөбеде «Битлздың» өте қызық ескерткіші бар. Бұл әлем бойынша «Битлз» құрамының төртеуі де түгел тұрған жалғыз мүсіндері екен. Өте тамаша өтті.

Мерекелік концерттен соң Қазақстанның Тәуелсіздігі күніне арналған салтанатты қабылдау өтті. Жиынға Нидерланд және қазақ диаспорасының саясат және іскерлік ортаның өкілдері, дипломаттары қатысты.

МАҒЖАН ІЛИЯСОВ, ҚР НИДЕРЛАНДЫДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығы ішінде жеткен  басты жетістігіміз – Нидерландының елімізде нөмірі бірінші инвестор атануы. 2018 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан мен Нидерланды БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жұмыстарына тұрақты емес мүшесі ретінде қатысатын болады. Саяси болсын, экономикалық салада болсын серіктестігіміз жыл санап, дамып келеді.  

ЧОСКУН ЧОРУЗ, НИДЕРЛАНДЫ ПАРЛАМЕНТІНІҢ БҰРЫНҒЫ ДЕПУТАТЫ:

 - Ең алдымен, қазақ халқын Тәуелсіздік Күнімен шын жүректен құттықтаймын. Мен сіздердің елдеріңізде  бірнеше рет болдым. Достығы жарасқан, өте бауырмал халық. Бүгінгі концерт, айтулы датаны атап өту өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Тамаша тұсаукесер, музыканттар да жарады. «Битлз» бен барокконы біріктіру қиын, дегенмен, олардың қолынан келді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер