Жан жануарлар әлемінің құдіреті мен әралуандылығы. Елордада Қазақстанда кезігетін аң-құстар мен қолға үйретілген төрт түлік бейнелері салынған көрме ашылды. Авторы – жас суретші Мәдина Нарбаева. Дарынды отандасымыз бұл көркем өнердің барлық жанрында қылқаламын тербеп жүргенімен, алғашқы жеке көрмесін жастайынан ынтық анималистика мәнеріне арнағанды жөн деп тапқан.  Қолы қылт еткенде сурет салуды дағды еткен дарын иесі жеті жылдық әуестігін кәсіби тұрғыда шыңдау үшін қазір  арнайы мамандық меңгеріп жатқанын айту керек. Көрмеде бейнелеу өнері туындыларымен қатар табиғи  жүнінен тоқылған авторлық киім үлгілерін де тамашалауға болады. «Шеше көрген тон пішер» демекші, Мәдина Нарбаеваға дизайнерлік шеберліктің қыр сыры он саусағынан өнер тамған анасы Гүлнар Қасымовадан дарыпты.

МӘДИНА НАРБАЕВА, СУРЕТШІ, ДИЗАЙНЕР:

 - Әр суретшінің арманы – бүкіл дүниежүзіне өзіміздің Қазақстанды таныту. Барлық жағынан тек сурет өнерімен ғана емес. Сосын дизайн, киім дизайнымен айналысамыз анам екеуіміз. Әрине жоспарда бар халықаралық байқауларға, көрмелерге қатысу.

ГҮЛНАР ҚАСЫМОВА, ДИЗАЙНЕР:

 - Шабытымды оятқан ол менің қызым. Ол мені осы іспен шұғылдануым үшін жігер береді. Біз бірлесіп әр заттың дизайнын жасап, түрлі стильдер ойлап табамыз. Техникалық жағы тоқумен өзім айналысамын. Біз көбіне тек жұп болып жұмыс істейміз. Егерде бізді ажыратса бұндай әсем дүниелер шықпай,  шығармашылығымыз жараспас еді.  

Жақында суретшілер мен дизайнерлердің арасында өткен байқауда бұл шығармашылық жұптың еңбектері жоғары бағаланып, жүлдеге ілігіпті. Сондықтан фестиваль ұйымдастырушылары жеке көрме өткізуді ұйғарған. Енді бір айта кетерлігі, дәл сол байқауда ерекше туындылар италиялық мамандардың көзіне түсіп, Мәдина шетелде өнерін шыңдау мүмкіндігін беретін оқу грантына ие болған.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер