Украинада өткен «Этнофольклорама» фестивалі жергілікті қазақтардың басын қосты. Олар еліміздің мәдениеті мен салт-дәстүрін жырақта жүрсе де ұмытпайды. Міне, Киев сахнасында Құрманғазының күйі скрипкада ойналып жатыр.

Мұндай фестивальдер жергілікіті қазақ қоғамының басын қосып, еліміздің тынысын кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді. Олар келген қонақтарға қазақтың ұлттық тағамдарынан ауыз тигізіп, зергерлік және қолөнер бұйымдарымен таныстырып жатыр.

СӘУЛЕ РОВНАЯ:

 - Біз қанша жырақта жүрсекте бір-бірімізбен жиі кездесіп тұрамыз. Себебі бізге қазақша көп сөйлесіп, салт-дәстүрімізді қолдауымыз керек. Бүгін фестивальге қазақтың бауырсағын, майға пісірілген қытырлақ нанын, қазақша палауы мен сүт тағамдарын дайындап алып келдік.

Ресми деректерге сүйенсек, Украинада 120 ұлт өкілі тұрады. Олардың ішінде 25-ке жуығы жергілікті халықтың тұрмысы мен тіліне жұтылып кетпеген. Соның ішінде, қазақтар ең ірі әрі ұйымшыл диаспора саналады. Бүгінде ол жақта 10 мыңға жуық этникалық қазақ өмір сүріп жатыр. Марик Жангунтинов Украинада қазақ мәдени орталығын құруды армандайды.

МАРИК ЖАНГУТИНОВ:

 - Украина билігіне жүгініп, бірлігімізді нығайту мақсатында, Киевтен өзіміздің мәдени орталығын құруды қолға алмақпыз. Қазақ диаспоры Украинадағы ең мықты қоғам бірлестігі саналады. Өзіміздің мүмкіндігімізді кеңейтіп, қанат жайсақ дейміз. Украина заңы бойынша ірі диаспора талап етсе, қазақ тілін оқыту бойынша жексенбілік мектеп ұйымдастыруға болады. Біз болашақта домбыра мен қазақ биін үйрететін үйірмелерді ашуды жоспарлаймыз.

Жырақта жүрген қазақтар осылайша бірігіп, мәдени құндылықтарымызды сақтап қалуға, тілімізді дамытуға күш салып отыр. Ана тілімізде оқытатын жексенбілік мектептер ашып, ұлттық би ансамблін құру қазақ диаспорасы қоғамының ендігі жоспарында тұр.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер