Ертіс өңірінде қазақ әндерінің кеші өтті. Халықтың сүйікті дәстүрлі әншісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Татьяна Бурмистрова «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға осылайша үлес қосқысы келген.

Татьяна Бурмистрова «Ақ тамақ», «Өзің сәулем іздегенім», «Әйелдің жасы – 18» секілді шығармаларымен қазақ әйелінің қайталанбас образын көркем жеткізеді. Ол бүгін Рүстембек Омаров атындағы ұлт аспаптар ұжымымен бірлесіп кезекті өнер маусымының шымылдығын ашты. 

ТАЛҒАТ КӘРІМОВ, Р.ОМАРОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТ АСПАПТАР ОРКЕСТРІНІҢ ДИРИЖЕРІ:

 - Ерекше концерт. Өйткені Татьяна апамызбен көп жылдар бойы ән айтайық деп едік және де «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша ескі әндерді, орындалмаған әндер, ұмытылып қалған әндерді жаңғыртып жатырмыз.

Татьяна Бурмистрова қазақ әндерін нақышына келтіре орындап, дәстүрлі ән өнерін насихаттап келеді. Оның қоңыр үні жас буынға қайсарлық пен рух сыйласа, орта, аға буынның жастық шағын еске түсіреді. Қазақ жұртшылығын өнерімен әлдилеген әнші әр шумақты сезіне шырқайды. Содан болар өнерпазға халықтың қошеметі ортайған емес.

ТАТЬЯНА БУРМИСТРОВА, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ:

 - Қазақтың «Әйелдің жасы 18-дің» соңғы шумағындағы «Айналса күнді Жер Ана, Байланса өмір тұра ма? Әйелдің жасы - 18, Әйелдің жасын сұрама» дейді. Сонда қазақ келіншегі мықты ғой. Қоштаспайды да, сағынбайды да. Олар ылғи 18 жасты сезінеді. Осы бір кішкентай дүниені жарыққа шығарғым келді.

Ертіс бойын тербеген қазақ үні жергілікті қауымнан бөлек, шетелдік азаматтардың да сай сүйегін сырқыратыпты. Олар қазақтың төл өнеріне деген ерекше таңданысын жеткізді.  

ЯН УИЛЬЯМС, ОҢТҮСТІК АФРИКА ЕЛІНІҢ АЗАМАТЫ:

 - Қазақ еліне келген бойда алдымен мәдениетімен танысқым келді. Жолым болып, осы концертке келдім. Қазақтың дәстүрлі өнерімен жақынырақ таныстым. Қуанышымда шек жоқ!

Қазақтың Татьянасы келер жылы Ертіс өңіріне арнап жеке концерт беруді жоспарлап отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер