Түркітілдес елдердің жыршы-термешілері Алматыда бас қосты. Шаһарда осымен 4-ші рет «Ұлы дала елі» фестивалі өтті. Биыл ол елордамыздың 20 жылдығына арналды. Фестиваль Сыпыра жыраудың термесімен басталып, содан соң Нартай, Сүгір мен Наурызбек жыраудың термелері орындалды. Биылғы фестивальға Өзбекстан, Қырғызстан мен Қарақалпақстаннан әншілер қатысты. Кеш барысында жыршылық дәстүрдің жалғаушысы, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Ұлжан Байбосыноваға Франция мәдениет министрлігінің «Әдебиет және өнер ордені» тапсырылды.

ҰЛЖАН БАЙБОСЫНОВА, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

- Бұл маған ғана берілген орден емес. Бұл жалпы қазақ жыршылық-жыраулық өнеріне берілген орден деп есептеймін. Біздің ғасырлар бойы жалғасып жеткен жыршылық-жыраулық өнеріміздің бүгінгі күнде ұрпақ жадында, ұрпақ санасында сақталып жетуі біз үшін үлкен бір абырой, зор мақтаныш деп есептеймін.

Іс-шараның мақсаты – ғасырлар қойнауынан бүгінге жеткен төл мәдениетімізді дәріптеп, жастардың бойына сіңіру.   

ЗЕРЕКҮЛ ЖҮСІПБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

- Жыршылар енді өзгеше ғой. Термелер. Қызым екеуміз келдік. Әдейі ертіп келдім қызымды. Көрсін, білсін деп.

АМАНБАЙ ДІЛІМБЕТОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

- Дәстүрлі ән де, жырау, терме де барлық уақытта ақыл ойды, халықтың мұңын және  халықтың қуанышын айтатын әндер да бұлар. 

Соңғы жылдары Алматы қаласында дәстүрлі өнерді насихаттауға арналған көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Ауқымды  фестивальдерді айтпағанда, «Алатау» дәстүрлі өнер театры мен заманауи «Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығының» ашылуы соның дәлелі. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер