Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе драма театры  Нұрпейіс Байғаниннің «Нарқыз» дастанын сахналады. Халық ақынының бұл шығармасы алғаш рет қойылып отыр. Дастан желісі бойынша пьесаны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жолтай Жұмат жазып шыққан. Қойылым хореграфиялық-пластикалық бағытта дайындалды. Нарқыздың ролі жас актриса Әсем Құсайыноваға жүктелді. Оның ширақ қимылы, ойнау шеберлігі көрерменнің көңілінен шықты.

ӘСЕМ ҚҰСАЙЫНОВА, АКТРИСА:

- Өзім өмірде нәзік қыз болсам да, ержүрек батыр қыздың рөлін өзім сезгендей болдым. Нарқыз батыр қыз. 5 жігіттің әлі келмеген, барлығы жабылып, әрең дегенде тұзаққа түсірген қыз. Әділетті, әділеттілікті сүйетін және жігер күші ер азаматтармен тең қыз.

Нарқыздың сахналық нұсқасын жазу драматург Жолтай Жұматтың біраздан бергі арманы екен. Осы ойын режиссерге айтып, нәтижесінде тарихи драма көрерменге ұсынылды. Театр режиссері Елтай Кемал батыстың ырғағымен төкпе жыр қосып, ерекше дүние сахналады.

ЕЛТАЙ КЕМАЛ, ҚОЙЫЛЫМ РЕЖИССЕРІ:

- Жергілікті өзіміздің батырларды насихаттау біздің міндетіміз деп есептеймін. «Жыр алыбы-Жамбыл болса, жырдың нәрі Нұрпейіс» деп атар едім. Неге десеңіз, Нұрпейіс атамыз Қобыландыны жырлаған, қырымның қырық батырын жырлаған, Нарқызы бар. Сондықтан да, біздің міндетіміз, режиссер болсын, драматург болсын рухани жаңғыруға байланысты өз батырларымызды көрсете білуіміз керек.

Жалпы, Байғаниннің дастандары батырлықты, адамгершілік пен әділдікті дәріптейді. Халық ақынының көркем шығармасы «Нарқыз» жастарды елді сүйіп, патриот болуға тәрбиелейді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер