«Несвиж сарай-саябақ кешені – әлем мәдениетінің игілігі». Елордадағы Тұңғыш Президент мұражайы кітапханасында Белорусияның дүниежүзіне танымал нышанына айналған ескерткішке арналған фотокөрме ашылды. «Несвиж» қорғанының тарихы терең. Бекініс бірнеше рет қайта салынып, нәтижесінде ренессанс, барокко, рококо, классика, неоготика, жаңғырту сынды көптеген сәулет құрылысы үйлескен сарай атағына ие болды. XIX ғасырдың соңында сарайдың маңына Еуропадағы ең ірі ландшафтылы саябақтардың бірі іргесі қаланды. 1993 жылы құрамына бекініс енетін Несвиж ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы құрылды. Араға 12 жыл салып көне кешен ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енді. Қазір көз тартар тарихи мекен әлем туристерінің үлкен қызығушылығына ие.

АНАТОЛИЙ НИЧКАСОВ, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БЕЛОРУСИЯ ЕЛШІСІ:

Бұл – ауқатты белорус ақсүектерінің бірі болған Радзивиловтар әулиетінің сарайы. Сәулетті ғимараттың тарихи-мәдени құндылығы зор. Бүгінде «Несвиж» сарай-саябақ кешенінде отыз мұражай залы бар. Белорусияның тарихи мұражайларының барлығы дерлік өздерінің жәдігерлерін сол жерде ұсынады. Жалпы, құрылыс сәулеті ерекше мекен. Орта ғасырдағы атақты шеберлер еңбегінің жиынтығы десем артық айтпаймын.

Көрме кітапхананың «Мәдениет арқылы үн қатысу»  атты халықаралық жобасының аясында Қазақстандағы Беларусь елшілігімен бірлесіп ұйымдастырылды.  Мақсат – дипломатиялық қарымқатынас орнатқанына 25 жыл толған елдеріміздің арасындағы мәдени сабақтастықты тереңдете түсу. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер