Қостанай орыс драма театры кезекті гастрольдік сапарын Израильде өткізді. «Театрлық дивэртисмент» фестивалі аясында қойылым көрсеткен еліміздің әртістері шетелдік көрермендерді кәсіби шеберлігімен тәнті етті. Бұл – шығармашыл ұжымның осымен екінші рет Израиль сахнасында өнер көрсетуі.

ДОГМАРА ГЕЛЛЕР, «ТЕАТРЛЫҚ ДИВЕРТИСМЕНТ» ФЕСТИВАЛІНІҢ БАС ПРОДЮСЕРІ:

 - Біз фестивальді жетінші рет ұйымдастырып отырмыз. Осы уақытқа дейін әлемнің түкпін-түкпірнен көптеген шығармашылық топ келді. Ал Қостанайдан келген артистердің өнері бізге ерекше ұнады. Содан болар, театр ұжымын екінші рет шақырттық.

Қазақстандықтар шетелдік көрерменнің назарына «Сирена және Виктория» пьесасын ұсынды. Сценарий бойынша оқиға желісі бір пәтерде орын алады. Пьеса авторы бүгінгі күннің тыныс-тіршілігін, қоғамдағы  кереғар пікірлерді комедиялық жанрға негіздеп жазыпты. Қойылымның кейіпкерлері: кәсіпкер әйел, жас дәрігер мен сасқалақтаған ебейдесіз жігіт бір үйде тіл табысуға тырысады. Осылайша, үш артистен тұратын шығармашылық топ көрерменнің ықыласына бөленді.  

АЛЕКСАНДР ЛИОПА, ТЕАТРДЫҢ БАС РЕЖИССЕРІ:

 - Бір қарағанда қойылым күлкілі көрінуі мүмкін. Ал мағынасына тереңнен бойлап, санасы сүзгісінен өткізер болсақ, қоғамдағы түйткілді мәселелерді жан-жақты жеткізді. Бүгінде адамдар өзге планетадан келгендей, бір-бірімен түсінісе алмайды. Пьеса осы мәселені айқын айтып, ашық жеткізе білді.

Руслан Бушинский осы қойылымның басты рөлін сомдап шықты. Өмірде жайдары мінезді жігіттің сахнадағы бейнесі мүлде басқа. Ол өз өзіне сенімсіз, сасқалақтаған, ебедейсіз адамның рөліне енді.  

РУСЛАН БУШИНСКИЙ, АКТЕР:

 - Мен ылғи рухы мықты, қайратты адамның рөлін сомдаймын. Ал бүгін аянышты, өзіне сенімсіз кейіпкердің кейпіне ендім. Бұл әрине, мен үшін үлкен шығармашылық сынақ. Ішкі жан-дүниеме үңіліп, өзіммен жұмыс істедім. Нәтижесі бар, өзіме деген сенімді арттырдым, кәсіби шеберлігім де шыңдала түсті.  

Қостанай театрының кезекті гастролі аяқталды. Қойылым да, реквизит пен декорация да ұйымдастырушылардың көңілінен шықты. Театр ұжымы келер жылы да осы сахнада өнер көрсетпек. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер