Ақтөбеде күй күмбірледі. Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы «Ақжелең» халықаралық күйшілер байқауына 5 елден 30-дан аса өнерпаз келді.

Ресейдің Хакасия Республикасынан келген жас өнерпаз Юрий Шалғынов Қазанғаптың күйлерін құбылта орындайды. Қазақтың домбырасы болмаса да, өз ұлтының хомыс аспабымен шебер өнер көрсетті. 15 жастағы жеткіншек күйдің құдіретін жақсы түсінеді.

ЮРИЙ ШАЛҒЫНОВ, БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ /РФ. ХАКАСИЯ РЕСПУБЛИКАСЫ/:

 - Қазанғаптың күйлері философияға тұнып тұр. Себебі, күйші ақылгөй дана болған. Оның шығармаларын орындау оңай емес. Күйші туралы аңыз әңгімелерді көп оқып, біраз зерттедім. Сондықтан болар, күйлерін тез үйреніп алдым.

Күйшілердің өнеріне баға беріп, үздіктерді анықтайтын қазылар алқасына күйші Әбдулхамит Райымбергенов төрағалық етті. Қазақтың күй өнерін дамытуға бар күшін салып жүрген өнер зерттеушісі Қазанғап туралы бірнеше томдық жинақ шығаруды жоспарлайды. 30 жылдан бері дәулескер күйшінің ел арасындағы күйлері мен өміріне қатысты мәлімет жинап жүргенін айтады. Басты мақсаты – ұлы өнерді жастарға мұра етіп қалдыру.

ӘБДУЛХАМИТ РАЙЫМБЕРГЕНОВ, КҮЙШІ:

 - Рухани жаңғыру деп жатырмыз, ұлттық код деп жатырмыз. Осының бәрі осыған тығыз байланысты деп ойлаймын. Осы өнер деген өзі қонатын адамдары болады. Соның ішінде, мені қуантатыны-өзіңіз қараңыз, қазақ балаларының ішінен математик шығып жатыр, химбиолог шығып жатыр, неше түрлі спорттан жетістік көрсетіп жатыр. Бүгінгі сайыстың қуанарлық жағдайы, дені 80 пайызы жастар.

Ақтөбенің төрінде өткен халықаралық байқауға еліміздің әр өңірінен және Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Башқұртстан мемлекеттерінен күйші қатысты. Олар байқау талабы бойынша Қазанғаптың күйлерін орындады. Сонымен бірге, батыстың күй мектебінен өзіне ұнаған шығарманы таңдап тартты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауда көзге түскен жас күйшілердің кәсіби шеберлігін шыңдау мақсатында нақты шаралар жоспары жасалады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер