Қасиетті қаланың сиқырын 120 суретке сыйдырған! Астанадағы ұлттық музейде белгілі израильдік фотосуретші Дмитрий Брикманның көрмесі өтті. «Иерусалим–ерекше қала» атты экспозицияға шаһар тұрғындарының портреттері, жергілікті  пейзаждар, жанрлық суреттер қойылған. Автордың шығармаларынан діни орындарға ғибадат етуге бара жатқан адамдарды, көне ғибадатханаларды, көше саудагерлерінің дүңгіршектерін көруге болады. Мыңжылдықтарды қамтитын қаланың бейнесі әлем мәдениеті мен сенімін, ислам, христиан, яһуд діндерін бір арнаға  тоғыстырғандай. Осының бәрі дерлік шын таланттың туындысында бір-бірімен жымдасып жатыр, өзара үндестік тауып тұр.       

ДМИТРИЙ БРИКМАН, ФОТОСУРЕТШІ /ИЗРАИЛЬ/:

 - Иерусалим туралы көп айтуға болады. Бұл көрмеде тарихи қаланың өткені мен бүгініне фотосуреттер арқылы еркін шолу жасайсыз. Көрмеге келушілер көне шаһардың тыныс-тіршілігіне таңырқап қарайды. Олардың көздерінде Иерусалимді көруге деген қызығушылық оянғанын байқасам, менің жұмысымның жеміс бергені. Бұл мен үшін ең үлкен жетістік.

Дмитрий Брикман Санк-Петерборда туып-өскен, қазір Израильде тұрады. Ол аптаның әр күнінде Иерусалимге келіп, көне қаланың таңғажайып көрінісін кадрге алуға тырысады. Суретші әр сапарында қаланың келбетінен бұрын байқамаған ерекшеліктерді ашатынын айтады. Сонымен қатар, автор Астанаға деген таңданысын да жеткізді. Ол қалада өткізген алғашқы күннің өзінде оның қайталанбас кереметіне таң қалғанын айтады.

ДМИТРИЙ БРИКМАН, ФОТОСУРЕТШІ /ИЗРАИЛЬ/:

 - Астанада екі күнімді өткіздім, маған бұл қала қатты ұнады. Мен ерекше әсер алып жүрмін. Егер Астананы кадрге алуға мүмкіндік берілсе, топтама жасар едім.  

Израильдің Қазақстандағы елшісі Михаэль Бродскийдің айтуынша, Астана осындай ауқымды көрме өткізуге сұранып-ақ тұр. Осында тұратын ұлттардың мәдени, діни байланыстары, салт-дәстүрлеріндегі өзара ұқсастық, Қазақстандағы ауызбіршілік жас қаланың дамуына ерекше әсер береді, дейді дипломат. 

МИХАЭЛЬ БРОДСКИЙ, ИЗРАИЛЬ МЕМЛЕКЕТІНІҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ:

 - Келер жылы Израиль мемлекеті 70 жылдығын атап өтеді. Ауқымды бағдарлама ұйымдастырылып, әр елден қонақтар келеді деп жоспарланып жатыр. Қазақстандықтар да айтулы шараға қатысып, елдің мәдениетімен кеңінен танысады деген ойдамын.

ЯНИНА МУСАЛАЕВА, КӨРМЕГЕ КЕЛУШІ:

 - Меніңше, фотограф жұмыстарының мән-мағынасы тереңде. Мына картинада бейнеленген адамдар сондай таза, ақкөңіл кейіпте... Ал қала өзінше әдемі әрі әсерлі. Яғни, автор суреттерді тамаша сөйлете білген. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер