«Қазақстан Камератасы» Мемлекеттік классикалық музыка ансамблі сахнадағы 20 жылдығын үлкен гала-концертпен атап өтті. Өнер ұжымының қуанышымен әлемнің әр түкпіріндегі қазақстандық әріптестері бөлісті. Шараға АҚШ, Швейцария, Испания, Германия және Ресейде тұратын Күләш Байсейітова атындағы мектептің түлектері келді.

ВЛАДИМИР ДЁ, СКРИПКАШЫ, АҚШ:

 - Солист ретінде біздің міндетіміз – шетелде жүріп, шығармашылығымыздың қалай өскенін көрсету. Қазақстан Камератасымен бірге ойнау өте әсерлі. Бұл – керемет ұжым.

ШЕРНИЯЗ МУСАХАН, СКРИПКАШЫ, ШВЕЙЦАРИЯ:

 - Туған жерге, үйіңе келуге тағы бір жол түсті. Музыка әлеміндегі әріптестеріңді көруге де мүмкіндік туды. Шынын айтқанда көп бас қоса алмаймыз. Сондықтан бұл біз үшін үлкен қуаныш.

Ансамбль ерекше құраммен Вивальди, Паганини, Чайковский және Шопеннің шығармаларын біріктіріп, тың туынды әзірлеген.

ГАУХАР МҰРЗАБЕКОВА, «ҚАЗАҚСТАН КАМЕРАТАСЫ» МЕМЛЕКЕТТІК АНСАМБЛІНІҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ:

 - Қатты толқып тұрмын. Бүгінгі кешке қатысушылардың бәрі де сондай көңіл күйде сияқты. Бұл ерекше концерт. Орындаушылардың құрамы да басқаша. Жастар мен классик-орындаушыларды бір сахнаға жинадық.

19 қыркүйекте басталған «Камерата Мьюзик фест» мерейтойлық фестивалі көрерменге Қазақстанда бұрын болмаған 6 ерекше туындыны тарту етті. Шығармашылық ұжым мұнымен шектелмек емес. 28 қараша мен 1 желтоқсан аралығында Нидерландыға гастрольдік сапармен барғалы отыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер