Шегі жоқ өнер Орталық Азия елдерінің түбі бір мәдени сабақтастығының аясын кеңейте түсуге сеп болуда. Бұл орайда қоғам айнасы іспетті сахна өнерін ерекше атап өту керек. Қазір Қазақстанда елімізді мекендейтін халықтардың болмысы мен тұрмыстық салтын ашып, ортақ тарихты насихаттап жүрген түрлі бағыттағы 60-қа тарта театр жұмыс істейді. Солардың бірі – Горький атындағы орыс драма театры. Өнер ошағы көпшілікке танымал Бекболат Парманов, Сергей Матвеев, Светлана Фортуна, Барзу Абдураззаков сынды Орта Азия елдерінен шыққан дарынды өнер майталмандарын бір шаңырақ астына жиып отыр.

ЕРКІН ҚАСЕНОВ, М. ГОРЬКИЙ АТЫНДАҒЫ ТЕАТР ДИРЕКТОРЫ:

 - Бүгінде көптеген өнердің ішінде шоқтығы биік театр өнерінің даму қарқыны, өсу барысы, оның көрсетілімі белгілі бір деңгейде жақсытыныс алуда, тынысы ашылып, керегесі кеңіп, сапарлары ұзарып, георгафиясы үлкейіп жатыр. Біз сол Еуропа театрларын көре отырып өзімізге керекті көптеген мәліметтер алдық.

Өнер сүйер қауымның талғамына сай құрылған театрдың репертуарлық қоры аса бай. «Евгений Онегин», «Мәңгүрт – Мәңгілік құл», «Примадонны», «Томирис –сақ патшайымы» сынды тарихи драмалық қойылымдар көпшіліктің сұранысына ие. Әр сахналық туындыда театр туппасының өзіндік бір қайталанбас қолтаңбасы бар.

Кез-келген сахна саңлағының шығармашылық жолында дарынын толыққанды ашатын бір рөлі болады. Өнер өшағының жетекші актрисасы Татьяна Фортуна мұны Анна Каренина бейнесін сомдағанда түсінгенін айтады. Қырғызстан елінің тумасы Қазақстанға келгелі Бланш Дюбуа, Маргарита, Джейн Перкинс сынды 200-ге тарта кейіпкерді ойнап үлгерген.

СВЕТЛАНА ФОРТУНА, АКТРИСА:

 - Театр – өзіңнің мүмкіндіктеріңді ашып, жетілдіруге мүмкіндік беретін алаң. Қазіргі ісім өзіме қатты ұнайды , тіпті оған ғашықпын десем артық айтпаспын. Мен үшін кейіпкерлерімінің бейнесін, мінез-құлқын шебер жеткізуден асқан бақыт жоқ. 

БЕКБОЛАТ ПАРМАНОВ, М. ГОРЬКИЙ АТЫНДАҒЫ ТЕАТРДЫҢ БАС РЕЖИССЕРІ:

 - Жақсы театр қашанда көрерменсіз болмайды. Егер әріптестерің тәжірибелі, өз ісінің хас шебері болса, халықты тартып тұратын қойылымдар шығады. Бүгінде біздің зал қашанда лық толы. 

Режиссер Бекболат Парманов дәл осы сахна төріне түрлі жанрлар мен тақырыпта 200-ден астам спектакль шығарған. Ол театр өзге өнер түрлері сынды адамдарды рухани азықтандырып, бір-біріне жақындата түсетініне сенімді. Шебер ұжым бұған қажеттіні міндеті түрде жасап шығады.

БЕКБОЛАТ ПАРМАНОВ, М. ГОРЬКИЙ АТЫНДАҒЫ ТЕАТРДЫҢ БАС РЕЖИССЕРІ:

 - Актерлер өздерінің жақын айналасымен шектеліп қалмауы тиіс. Біз бір-бірімізбен тығыз жұмыс жасаймыз, ең үздік деген режисерлермен әріптестік орнатып алдық. Бұл бірінші кезекте ақтерлік құрамның ішкі қабілетін ашып, шығармашылығының әлеуетін тануға мүмкіндік береді. Әрбірі өз ісін лайықты атқарса  ұжымның  арасында түсіністік салтанат құрады.    

Бүгінде театрдың репертуарлық қорында 30-ға тарта отандық және әлемдік драматургия жауһары бар. Жаңа 117-ші маусымда көрермендерін тың туындылармен қуантып, жаңа шығармалармен таныстыратын болады, дейді театр ұжымы.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер