Кербез әрі әсем. Киевте «Dances оf The World» фестивалінде қазақ биі орындалды. Украинаның «Жібек жолы» атты би студиясы «Дала құсы» деген атаумен айрықша номер әзірлепті. Бұл топ негізінен шығыс билерін орындаумен шұғылданады. Ал қазақтың ұлттық билері ерекше пластикасымен құнды дегенді айтады. Әрі ұлттық әуен де қыздарға шабыт берген. Осы номерге арнап қазақы нақышта костюмдер де тігілген. 

ЛЮДМИЛА КОЛОМИЕЦ, БИШІ:

 - «Дала құсы» деп аталатын би арқылы қазақтың табиғатқа, адамзатқа деген үлкен махаббатын танығандаймыз. Би арқылы ұлттық болмыс, ұлттық мінез беріліп жатады. Бұл биді қою арқылы көрерменге қазақтың кең даласын, дархан мінезін көрсеткіміз келді.

Баурап алатын аргентиналық танго, басты шыр айналдыратын грузин ырғағы және шығыстың билері. Бір сахнада 20 халықтың ұлттық билері нақышына келтіріліп орындалды. Дәстүрге айналып үлгерген шара Киевте осымен бесінші рет өткізіліп отыр. Мақсат – түрлі халықтың ұлттық биін қоя отырып, сол халыққа құрмет көрсету.

ИГОРЬ БАКАЕВ, БҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:

 - Халық билерінің алуан түрін бір сахнада көрсеткіміз келді. Фестиваль көрермені би арқылы сол елге ойша саяхат жасап келгендей болуы тиіс. Ұлттық биін көріп отырған көрермен елді ұнатып, кейін сол жерге арнайы барып қайтса да аз олжа емес. Фестивальдің мақсаты – адамдарды би сияқты бекзат өнерге құштар ету.

Ұйымдастырушылар, әр ұлттың биін көрсете отырып, өнердің осы түрі сол халықтың ерекшеліктерін, бірегейлігін көрсетіп, аз да болса, ақпарат беруге, тырысқандарын айтады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер