Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының көшпелі көрмесі ашылды. Көпшілік назарына 100-ден аса экспонат: Мемлекет басшысының жеке заттары, кітапханасы мен құнды құжаттарының түпнұсқасы алғаш рет ұсынылды.

Көшпелі көрме 4 бөлімнен тұрады. «Көшбасшы жолы» бөлімі елбасының өмір кезеңдерінен сыр шертсе, «Көшбасшы феномені» тарихи маңызы бар шешімдер мен бастамалар арқылы көрініс тапқан. Үшінші бөлімде Елбасының жоғары мемлекеттік марапаттары жинақталған. «Әлем қадірлеген Елбасы» бөлімінде Қазақстаның қарқынды сыртқы саясаты көрсетіледі.

КҮЛӘЙША АҚТАЕВА, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ - ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Елбасы кітапханасы – бірегей мекеме, онда Мемлекет басшысының Жеке мұрағатының, Жеке кітапханасының қорлары, музей экспонаттары сақтаулы. Осы көрменің бірегейлігі осында. Сол түпнұсқа құжаттардың құнды жәдігерлерді көпшілікке көрсету – біздің міндет.

Жәдігерлердің әрқайсысы бірегей, олардың мемлекет тарихындағы орны да ерекше. Әсіресе, мұндағы Құрандар жинағы келушілердің қызығушылығын тудырды. Қасиетті кітаптың әр нұсқасы – қайталанбас, тіпті ғарышқа ұшырылған Құран да осында.

ВАЛДАС БУРНЕЙКА, АЛМАТЫДАҒЫ ЛИТВАНЫҢ БАС КОНСУЛЫ ҚЫЗМЕТІН УАҚЫТША АТҚАРУШЫ:

 - Бұл көрме Президент музейіндегі барлық экспонаттардың шағын бөлігі ғана. Бірақ осында ұсынылған жәдігерлердің өзімен танысып-ақ қатты әсер алуға болады. Литва мен Қазақстан арасындағы байланысқа арналған бұрыш бірден көзіме түсті.  Біздің алғашқы президентіміз Альгирдас Бразаускастың кітабы да көрмеден орын алыпты.

Көрме қаңтар айының 14-іне дейін жұмыс істейді. Оның шеңберінде 3 халықаралық конференция мен 5 ғылыми семинар өткізу жоспарланған. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер