Қазақстанның бірнеше өңірінде ашық аспан астындағы мұражай құрылатын болады. Сондай жобалардың бірі Шымкентте қолға алынды. Мұндағы «ескі шаһар» аумағы 2020 жылға қарай туристер үшін ашылмақ. Заманауи өнер музейі де осында бой көтереді. Қазір мұнда археологиялық қазба жұмыстарының бірінші кезеңі басталған. Сондай-ақ қайта қалпына келтіру ісі де қатар жүріп жатыр. Аумағы 1000 шаршы метр болатын жер асты қаласын аршыған археолог-ғалымдар көптеген тарихи жәдігерлер тапты. Қазір қала әкімдігі «ескі шаһарды» қайта жаңғырту бойынша жобалық сметалық құжаттарын дайындау үстінде.

АЛЕКСАНДР ГРЕЧНИК, АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЭКСПЕДИЦИЯНЫҢ БАС ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Рестовраторлармен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Біз бірнеше заманның қабаттарына тап болдық. Мысалы, қазір 18–ші ғасырдамыз. Оның үстінде 19-20-шы ғасырлар жатыр, кей жерден Қараханид дәуіріне тән құрылыстар шықты. Осылайша, шаһардың даму кезеңдерін білуге болады.

Ал Маңғыстауда ежелгі тас мүсіндерді жинап, ашық аспан астындағы мұражай ашу жоспарланып отыр. Себебі бірнеше ғасырды қамтитын ұлы дала ескерткіштерінің басым бөлігі осы өңірде шоғырланған. Қазірдің өзінде 250-ден астам тас мүсін табылып, зерттелген. Ендігі мақсат – бабалар өнерін насихаттап, туристерге таныстыру. Археологтар қазба жұмыстарын Шерқала етегінен бастауды ұсынып отыр. Ұлы Жібек жолының керуен жолдары осы жерден өткен. Сондай-ақ, ғалымдар осында табылған ежелгі жазбаша деректерді қазақ тіліне аударуға кіріспек.

ИСЛАМ ЖЕМЕНЕЙ, ШЫҒЫСТАНУШЫ, ЭТНОГРАФ:

 - Елбасы тікелей тапсырма берді, бұдан былай зерттеулер түпнұсқадан қазақ тіліне аударып, зерттеліп, айналымға шықсын деп. Мінеки соның жалғасы ретінде, сол тапсырманы орындау ретінде мен ойланам біз бұдан былай Маңғыстауға қатысты да, қазақ жеріне қатысты жазба деректерді тікелей қазақ тіліне аударып, айналымға жіберу керек. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер