Еліміздің жетекші театры «Астана Опера» ұжымы кезекті шетелдік гастрольге қамданып жатыр. Бұл жолы өнер ошағының балет труппасы Италияның Генуя қаласына аттанбақ. Қазіргі таңда өнерпаздар сапар алдындағы  соңғы дайындықтарын пысықтау үстінде. Сырт елдік қауымның назарына Морис Жаррдың аты аңызға айналған «Париж Құдай анасының соборы» спектаклі ұсынылады. Бұл қойылым көптеген әлемдік сахналарды бағындырғаны белгілі. Алайда, екі мың көрерменге шақталған айдай әлемге танымал «Карло Феличе» театрында тұңғыш рет қойылатын болады. Аталмыш балет жауһарын Еуразия аумағына алғаш алып келіп тұсауын кескен де дәл осы қазақстандық өнерпаздар екенін ерекше атап өткен жөн.

БАҚТИЯР АДАМЖАН, «АСТАНА ОПЕРА» ТЕАТРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ СОЛИСІ:

 - Қазақтар енді универсалды халықпыз ғой. Бізде әр ұлтқа ұқсайтын адамдарымыз да бар. Сондықтан оларға үлкен колорит, экзотика болады деп ойлаймын. Өздерінің персонаждарын басқа тұрғыда көру, басқа көзқараспен. Мысалға, біздің мимикамыз да басқа, энергетикамыз да басқа. Труппамыз жас. Сондықтан біздің театрда мүлдем басқа спектакль жүреді. Біз шетелде Қазақстанды жерге қаратпаймыз. Өздерінің шетелдік хореографиясын өздеріне көрсетіп, тек жақсы жақтарын таныстырамыз деп ойлаймын.

Жасамаған қылмысы үшін өлім жазасына кесілген сұлу бойжеткеннің тағдыры суреттелген балетті Италия жұртшылығы екі күн қатарынан тамашалайтын болады. Гастрольдік сапарға қос бірдей құрам сайлануда. «Эсмеральда» ролін Әйгерім Бекетаева мен Мәдина Басбаева сомдаса, «Квазимодо» партиясын Бахтияр Адамжан мен Рустем Сейтбеков орындайды. Осыдан 2 жыл бұрын «Астана Опера» театры «Карло Феличе» сахнасында Арам Хачатурянның «Спартак» балетін қойған болатын.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер