Өткен мен заманауи мәнерді үйлестіру арқылы ұлттық нақышты жаңғырту. Елордада «Nation look» балаларға арналған этностильдегі киімдердің сәндік көрсетілімі өтті. Топтамада ұсынылған туындылар қазақи ою-өрнектермен көмкерілгенімен, соны техникалық үлгіде пішілген. «Адам көркі – шүберек» демекші, тігісі ерекше киімдердің әрқайсысы сәнқойлардың талғамына сай күнделікті киюге жарамды әрі ыңғайлы етіп жасалыпты. Ұлттық мұражай мен «Іңкәр сезім» қоғамдық қоры мұрындық болған игі шараның көздегені – тұрмыстық дәстүрімізді насихаттап, халық арасында қолдану аясын кеңейту.

СЕРГЕЙ САДЫКОВ,  ЕУРАЗИЯЛЫҚ ДИЗАЙНЕРЛЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ, СӘН СЫНШЫСЫ:

 - Қайролла Әбішев сән үйінің көпшілік назарына ұсынылған шығармашылық бағыты қазіргі заманғы жаңғыртылған топтамалардан тұрады. Қазақтың ұлттық нақышына тән жасалған туындыларға «Тұмар» деген жалпы атау берілген. Себебі киімдердің әрбіріндегі ою-өрнектер «бақыт, амандық, денсаулық» деген ұғымдарды білдіреді. Біз осы арқылы ұлттық мәдениетті жаңғыртып, халықты осы текті киімдерді қолдануын үйреншікті дағдыға айналдыруды көздеп отырмыз.   

Отандық сәнгерлердің шебер қолынан шыққан этностильдегі топтамаларды жас болғанымен, түрлі киім үлгілері байқауларында ысылып қалған ұл-қыздар ұсынды. Балғындар мәдени жобаға қатысу арқылы бойларына ұлттық тәлім-тәрбие сіңіріп, бабалар мұрасының тарихымен жақынырақ танысқандарын айтады.

ОЛЖАС БАҚЫТБЕК:

 - Мен ең бастысы тәжірибе алдым. Маған қазір тәжірибе жинау өте қажет. Және мен мұнда жаңа адамдармен танысып, жаңа киімдерді көрдім. Мысалы менің киімімде қазақ ою мүйізі бейнеленген.

Сән көрсетілімі шеңберінде «Әсемдікке құштарлық» атты көрме өтті. Онда ұлттық музейдегі «Шебер» және «Бейнелеу өнері студиясына» қатысатын дарынды шәкірттердің қолөнер бұйымдары қойылды. Ұйымдастырушылар қазақтың мәдениеті мен өнерін жаңғыртуға сеп болатын осы текті шаралар жақсы дәстүрге айналатынын жеткізді.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер