Елордада «Шабыт-2017» шығармашыл жастар фестивалі өтті. Биылғы байқау Қазақстан, Өзбекстан, Башқұртстан, Латвия, Армения мен Ресей елдерінің 500-ден астам дарынды жастарын жиды. Тек еліміздің бас шаһарының намысын жүзге тарта өнерпаз қорғады. Қатысушылар классикалық және халық музыкасы, бейнелеу және цирк өнерлері, актерлік шеберлік және үздік әдеби шығарма атауларында өзара бақ шаптырып баптарын сынады.

НАРИМА МҰХАМБЕТАЛИНА, АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ БАСҚАРМА ӨКІЛІ:

 - Жылдан жылға қатысушылардың санымен қатар сапасы өсіп келеді. Жалпы фестивальдің жыл санап деңгейі артуда. Сондықтан қазылар алқасына жүзден жүйрікті анықтау оңайға соқпайды. Сайыскерлердің өнерін АҚШ, Сербия, Испания, Италия, Ресей, Украина, Якутия сынды елдерден келген халықаралық деңгейдегі өз ісінің хас шебер мамандары саралап, әділ бағасын береді.

Қатысушыларды іріктеу талабы да күшейе түскен. Биыл бірқатар аталымдарда өтінімдер саны рекордтық көрсеткішке жеткен. Сұраныстың көптігі бәсекелестікті тудырады. Бұл өз кезегінде жастардың ішінен шын мықтыны таңдауға мүмкіндік беруде, дейді ұйымдастырушылар. Халық музыкасы легінде домбырамен ән шырқау, халық туындыларын орындау және ұлттық аспаптар ансамбльдерінің шеберлігі сыналды. Алайда, олар бұрынғыдай әзірлеп әкелген өнерлерін ортаға салған жоқ.

СӘКЕН ӘБДІРАХМАНОВ ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ МҮШЕСІ

 - Екінші турға өткен номинанттар Қабан жырау, Сүйінбай жырау, Жамбыл ақындардың термелерін кіргіздік. Яғни 9 терме номинанттар экзамендегідей біреуін таңдап алып, жатқа айту керек.

Биыл байқаудың бас жүлдесі – Президент кубогын 18 жасар Жібек Мүсірғалиева жеңіп алды.

ЖІБЕК МҮСІРҒАЛИЕВА, ФЕСТИВАЛЬ ЖЕҢІМПАЗЫ:

 -  Алғаш рет бас жүлдеге ие болдым. Бұл жай сыйлық емес, Президент кубогы. Шынымды айтсам, әлі сене алар емеспін. Байқауға өте талантты, дарынды жастар қатысты. Қарсыластарым мықты. Алайда, барымды салдым. Маған сенім артқан адамдарға айтар алғысым шексіз.

Талай жастың дарынын ашқан дәстүрлі өнер байқауы осымен 20-шы рет өз шымылдығын түрді. Жалпы «Шабыт» фестивалінде 10 мыңға тарта өнерпаз шығармашылығымен танылып үлгерген. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер