Батыс Қазақстан облысындағы қазақ драма театры Македонияның Велес қаласында өткен «Стоби-2017» халықаралық фестивалінен бас жүлдемен оралды. Өнер ұжымы белгілі «Филоктет және Медея» қойылымдарын біріктіріп сахналады.

Былтыр ғана жерлестеріміз Македония майталмандарын мойындатып, антикалық драма театрларының халықаралық фестивалінде жеңімпаз атанған еді. Ежелгі грек аңызының желісі бойынша сахналаған бұл жолғы қойылым да талғамы биік қазылардың ойынан шықты. Бұған театр шеберлерінің бас жүлдені еншілеумен қатар «Ең үздік ер адам бейнесі», «Ең үздік әйел адам бейнесі» аталымдарын иеленуі дәлел. Қойылымның режиссері – Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов.

САЛАУАТ ТҮМЕНОВ, АКТЕР:

 - Ол жерде үлкен дода болды, үлкен фестиваль болды. Үлкен жюрилердің көзқарасының, пікірлерінің арқасында «Ең үздік ер адам» бейнесіне қол жеткіздім. Мен үшін өте маңызды жүлде. Менің жасаған еңбегімнің бағаланғаны деп айтып жатырмыз. Енді маған алға қарай жұмыс жасауға ұмтылыс берді, жауапкершілік берді.

НҰРЛЫГҮЛ ЖҰБАТОВА, АКТРИСА:

 - Ол жақтың менталитеті, өнерге деген көзқарасы, біздер қойылымнан шыққаннан кейін бізді танымайтын ел, жұрт, адамдар ғой енді. Дегенмен, басқа ұлт бізге жаңа Медеяны ойнап шыққан кісі мына кісі, Филоктет мынау деген кезде о-о-о! деп бізге жарқыраған көздерімен қарап тұрды. Біз кейбір сәттерде әріптестерімізге сондай көзқараспен қарай алмай қалатын сәттер болады. Соның бәрін ол жерде мойындатады.

Театр бұған дейін Керчь қаласында өткен «Боспорские агоны» 17-ші халықаралық антикалық өнер фестивалінің де бас жүлдесін жеңіп алды. Бәсі биік бәйгеге батысқазақстандықтар Еврипидтің «Троя арулары» атты қойылымын апарып, 6 аталымның тең жартысын олжалап қайтқан еді. «Бұл жолғы жеңістің де орны бөлек. Бір-біріне мүлдем кереғар әрі күрделі образдарды сомдау, оған көзі қарақты көрерменді иландыру оңай болмады», - дейді мәдениет саласының үздігі, театрдың белді актрисасы Нұрлыгүл Жұбатова.

НҰРЛЫГҮЛ ЖҰБАТОВА, АКТРИСА:

 - Бұл жүлде мен үшін үлкен болды, сахнада қобалжығаным сондай, сахнада Македония жұртшылығына мынадай өлең айтып бердім:

-Көк тудың желбірегені, Жаныма қуат береді!

 Таласқа түссе жан мен ту, Жан емес маған керегі, көк тудың желбірегені, -деп бүкіл зал қол соқты. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер