«Құлақтан кіріп бойды алар әсем ән мен тәтті күй» деп дана Абай айтып кеткен ерекше әсерге астаналықтар мен қала қонақтары бөленді. Елордада  өнер десе, ішкен асын жерге қояр қауымның айызы қанған «Әсерлі ән сал, домбыра!» атты әуезді кеш өтті. Сахна төрінен ұлттық фольклорлық мұраның жарқын үлгілерін аманат еткен Құрманғазы, Мұхит, Үкілі Ыбрай мен Шортанбай сынды біртуар тұлғалардың шығармалары орындалды. Жиналған қауымды көпшілікке танымал дәстүрлі өнер шеберлері ән-жыр және қоңыр күйдің мағам сазынан сусындатты. Әр туындының шыққан уақыты мен тарихы, мән-мағынасы мен мазмұны, ырғағы мен әуені әр қилы болғанымен түпкі өзегі бір, ол  - рухани-мәдени құндылықтарымызды дәріптеу.

АЙГҮЛ ҚОСАНОВА, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

 - Қазақ халқы жалпы өнерге өте бай халықтардың бірегейі деп өзім әркез айтамын. Өйткені бір қазақ бола тұра дәстүрлі өнердің үлкен 5 мектепке бөлінетіндігінің өзі біздің байлығымыздың ұлан-ғайыр екенін көрсетеді. Әр мектептің бір-бірінен айырмашылығы оның айтатын әндерінде, оның мағам сазында. Әрине осындай ұлттық өнерді насихаттайтын ән кештерінің көп болғаны бізді қуантады.

Сахна саңлақтарының өнеріне «Сарыарқа» музыкалық ансамблі сүйемел болды. Кеш көркін халық билерін мың бұрала орындаған «Шалқыма» өнер ұжымы аша түсті.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер