Сонау ХVIII ғасырлардағы түскиіздер, кебеже, сандық, белбеулер мен  ер-тоқымның түр-түрі. Елордадағы Әскери-тарихи музейде суретші-зергер Сержан Бәшіровтың жеке коллекциясының көрмесі ашылды. Ол өз топтамасын 30 жылдан бері тәптіштеп жинап келеді. Бәрі нағашы әжесі сыйға тартқан сөлкебайдан басталыпты. Сол кезден бері талай құнды зат жиналған. Тіпті, киіз үйдің есігі – сықырлауық пен киіз үй күмбезін көтеретін адалбақанға дейін бар.

СЕРЖАН БӘШІРОВ, СУРЕТШІ-ЗЕРГЕР:

 - Қарақалпақстан, Түркіменстанның, әсіресе, өте көп Өзбекстанның Науаи, Самарқанд, Бұхара деген жерлерден, құмның арасынан табылған заттар бар. Солтүстік Сібірден бар. Шетелден де бірнеше заттар алып келдім.

Шығыс Қазақстандағы Марқакөл өңірінен табылған мына сәукеле XIX ғасырға тиесілі. Сержан Бәшіровке сол өңірдің тұрғыны табыстапты. Ұзақ жылдар бойы сандық түбінде сақталған көне бас киім тарихы ұмтылып қалғандықтан, сәукеле туралы нақты мәлімет жоқ. Бұл бас киімді келін күйеуге шыққан алғашқы күндерінен бастап, бір жылға дейін киген. Көрмеге қойылған әр бұйымның өзіндік тарихы мен осындай терең мағынасы бар.

ТОҚТАР ЕРМЕКОВ, АСТАНА ҚАЛАСЫ СУРЕТШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Мына жұмыстарды қарасаңыз, өзіндік стилі бар. Майталман шебер деп айтуға болады. Ізденісте, көп жинақтағаны көрініп тұр.

Халықтық өнердегі ғарышнамалық абстрактілік идеялар айқын көрінетін және дәстүрлі ұлттық символикамен қанықтырылған авторлық әшекей бұйымдар да көпшілік назарына ұсынылды. Суретші шығармашылығы ғарыш, табиғат және тарих дүниетанымы бейнеленген жарқын туындыларымен ерекшеленеді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер