Алматыдағы Әбілхан Қастеев мұражайында тұңғыш рет әлемге әйгілі Виктория мен Альберт музейінің көшпелі көрмесі ашылды. Онда «Джамиль Прайз» халықаралық байқауының ақтық кезеңіне шыққан 11 қылқалам шеберінің 35 туындысы қойылды. Негізінен түрлі елдердің қазіргі заманғы көркемөнер мен дизайн майталмандарының ислам дәстүрі бейнеленген еңбектер. Айта кетерлік жайт, байқаудың бас жүлдесі 25 мың фунт стерлинг пәкістандық суретші Гулам Мохаммадке бұйырды. Кішігірім бес жұмыстан құралған туындыны жасау үшін автор базар аралап бірнеше кітап сатып алыпты. Олардан ол Урд тілінде басылған сөздерді іріктеп қиып алып, бір қағаздың бетіне желімдеген. Нәтижесінде мынадай шағын көлемді төсеніш іспетті еңбек дүниеге келді. Гуламның ондағы ойы – тілін білмейтін елде өмір сүрудің қаншалықты қиын екенін ерекше өнері арқылы көпшілікке  таныту.

ТИМ СТЕНЛИ, ВИКТОРИЯ МЕН АЛЬБЕРТ МҰРАЖАЙЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Түркиялық суретші Джевдет Ерек кеңістікті емес, уақытты өлшеу үшін кәдімгі сызғышты пайдаланған. Онда ол XX ғасырдың басынан жылнамалық күнтізбе жасаған. 1928 жыл туындының басты нышаны ретінде белгіленген. Өйткені дәл осы жылы түріктердің қарпі араб тілінен латын әліпбиіне алмастырылған екен. Қазір дәл сол жағдай Қазақстанда да орын алып жатқанын жақсы білеміз. Тек сіздерде кириллица тіл тақтасы латын графикасына көшірілуде.    

Бір қызықтысы, суретшілердің қайсысы болмасын, өз туындысында тарихи деректерді нақты көрсетуге тырысқан. Мәселен, Мысыр елінің тумасы Бахия Шехаб араб қарпін негізге алған. Шебердің еңбегі «Мың мәрте жоқ» деп аталады. Онда ол бір сөздің шығу тарихын терең зерделеп, түрлі оқиғаларға қатысты мән-мағынасын ашып берген.

ЕКАТЕРИНА РЕЗНИКОВА, «ДЖАМИЛЬ СЫЙЛЫҒЫ» КӨРМЕСІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Көрме екі ай бойы жалғасады. Қазанның 29-ы ашылған шара 2018 жылдың 7-ші қаңтарына дейін созылады. Тағы бір ерекше тоқталып кететін жайт, көрмемен қатар, түрлі оқыту бағдарламалары жоспарланған. Шеберлік сабақтар мен танымдық кездесулер, жетекші сала мамандарының дәрістері ұйымдастырылады. Тәжірибе алмасу алаңы қарапайым көрермендер мен тәжірибелі мамандарға берері мол деп сеніммен айта аламын. 

«Джамиль сыйлығы» ‒ бүкіл дүние жүзінің суретшілері мен дизайнерлері қатыса алатын халықаралық байқау. Оны Виктория мен Альберт мұражайы екі жылда бір ұйымдастырып тұрады. Байқаудың әлемнің сәндік-қолданбалы өнерінің дамуына қосқан үлесі зор. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер