Қазақстанның сахна саңлақтары шетелдік өнер сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. Максим Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры Сербияда өткен «Synergy» халықаралық театр фестиваліне қатысып қайтты. Астаналық труппа сырт елде «Мәнгүрт. Мәңгілік құл» қойылымын ұсынды. Шыңғыс Айтматовтың романын сахна тіліне тәжікстандық драматург, режиссер Барзу Абдураззаков ыңғайластырып қойған. Спектакль серб және ағылшын тілдерінде субтитрмен беріліп, осының арқасында кеудесінде жаны бар, бірақ сана-сезімінен айрылған бас кейіпкердің жан күйзелісін көрермен барынша сезіне алды. 

ЕРКІН ҚАСЕНОВ, ТЕАТР ДИРЕКТОРЫ ЖӘНЕ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ:

 - Бұл адамның мәңгүртке айналуы, өзінің рухын жоғалтуы,осы қоғамда қаншалықты маңыздылығын, керек екендігін ұмытуы. Осының бәрі Мәңгүрт деген бір сөзден тарап дамып жатады. Сондықтан біз ешуақытта мәңгүрт болмаймыз. Біз өзімізді-өзіміз бағалауымыз керек деп бағаланған үлкен тұжырымы бар шығарма.

«Synergy» фестивалі бір апта бойы жалғасты. Алғашқы байқау Сербия мен Қазақстандық өнер ұжымдарымен қатар, Венгрия, Румыния және Македон елдерінің театрларын бір сахнада тоғыстырды. Оның аясында ортақ істерінің мәселелері талқыланған жиындар ұйымдастырылды. Әріптестер шеберлік алмасып, тәжірибелерімен бөлісті. Бұл орайда, қазақстандық майталмандардың өнеріне тәнті болған өзгелер тарапынан бірлескен жобаларды іске асыру бойынша ұсыныстар жауғанын айта кеткен жөн. 

ЕРКІН ҚАСЕНОВ, ТЕАТР ДИРЕКТОРЫ ЖӘНЕ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ:

 - Осы бір көріністі көрермендер соншалықты көргендігі, түсінгендігі әрі біздің әртістерімізге деген сүйіспеншілігі, ойнағандағы образдарды аша білуі, осының бәрі көрермендердің бағасына қарағанда біздің өзіміздің деңгейімізге жеткендігіміздің белгісі деп ойлаймын.  

Мәдениет халықтар мен елдерді сабақтастыратын сала. Қазақстандық театр ұжымының кезекті сапары өнерде шек жоқтығын тағы бір аңғартты.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер