Лондонда Қазақ әдебиетінің күні өтті. Бұл шара қазақтың бірегей жазушысы Мұхтар Әуезовтың 120 жылдығына арналды. Ұлы классик, ғалым әрі қоғам қайраткері Мұхтар Омарханұлы Ұлыбританияда да танымал тұлға. Оның «Абай жолы» романы кезінде Шекспир тіліне аударылғаны белгілі. Ал жақында ағылшындық баспа жазушының өткен ғасырда 20-30-шы жылдары жазған шығармалар жинағын басып шығарды.

ПИТЕР БЕРМАН, ЕУРАЗИЯЛЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ГИЛЬДИЯНЫҢ ТӨРАҒАСЫ /ҰЛЫБРИТАНИЯ/:

 - Ол ойлап тапқан образдар, кейіпкерлер, қойылымдар өте бірегей және өте құнды. Оның қайталанбастығы әдебиетте оқшауланып тұрады. Біз оны және оның мұрасын әрдайым есте сақтауымыз керек.

Соңғы уақытта қазақстандық әдебиет Ұлыбританияда жиі басып шығарылатын болды. Ағылшындық оқырман біздің ұлы классиктер туралы, әсіресе жас таланттарымыз жайлы көп мағлұмат ала бастады. Олардың туындылары ірі қоғамдық және білім беру кітапханалары сынды әрқилы орындарда сақталып келеді. Бұл – Қазақстан туралы ақпарат алғысы келетін миллиондаған зерттеуші үшін қолжетімділік артты деген сөз. Сондай-ақ, 2 миллиардтай оқырман кітапты онлайн немесе желіде оқи алады.

МАРАТ АХМЕДЖАНОВ, БАСПАГЕР /ҰЛЫБРИТАНИЯ/:

 - Қайрат Закирьяновпен бірге «Қасқыр белгісімен» атты кітаптың ағылшын тіліндегі электрондық нұсқасын шығарып, университеттерде жарнамалық кампания жасағанымызда бір жылда 4,5 мың электрондық көшірмесін сатқанымыз бар. Бұл, әлбетте, біз үшін үлкен табыс болды. Бұл - әлемде қазақстандық әдебиетке деген қызығушылықтың бар екендігін дәлелдеді. Ең бастысы өнімдерді халыққа таныта білуіміз керек. Сондықтан миллиондаған данамен сатылатын күн алыс емес деп ойлаймын.

Ал Қытай астанасында «Абай оқулары» өтті. Оған Бейжіңде білім алып жатқан қазақстандық және қытайлық студенттер қатысты. Жастар Ұлы ақынның қара сөзі мен өлеңдерінен үзінді оқып, көркемсөз шеберлігін паш етті. Шараның мақсаты – Абай шығармалары арқылы «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» мақаласында айтылған қазақ мәдениетін, тілі мен әдебиетін насихаттау.

ЖАНАР ТОҚТАРБАЙ, КӨРЕРМЕН:

 - Қытайлар қаншалықты Конфуцийді сүйсе, біз соншалықты Абай атамызды сүйеміз. Бүгінгі кеште қазақстандық және қытайлық студенттер Абай атамыздың ұлы сөздерін келген қонақтарға жеткізе білді деп ойлаймын.

Абай шығармалары әлемнің көптеген тіліне аударылған. Ақынның қара сөздері мен поэзиясын қытайшаға белгілі жазушы Әкбар Мәжит, кәсіби аудармашы Хахуаң Жаң тәржімалаған. Бейжіңдегі орталық саябақта ұлы ойшылдың ескерткіші де бар. Шығыстағы үлкен көршімізде «Абай оқулары» жыл сайын өткізіліп тұрады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер