Ресейдің Псков облысында Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметованың 95 жылдығын арқау еткен ауқымды шаралар өтті. Аты аңызға айналған пулеметші 1943 жылдың қазанында майдандастарымен бірге Невель қаласын азат ету ұрыстарында ерлікпен қаза тапты. Шаһар тұрғындары батыр қыздың ерлігін  ұмытпақ емес. Мысалы, Анна Бутман «Біздің Мәншүк» атты халықаралық додада батырдың ерлігін жырға қосты.

АННА БУТМАН, ӨНЕР МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ:

 - Мәншүк Мәметованың нәзік қыз болса да, өр мінезділігіне тәнтімін. Мұндай қасиет кез-келген ер адамның бойынан табыла бермейді. 20 жасында ерлік жасаған қазақ қызы мен үшін үлгі.

Ал павлодарлық патриоттық-іздестіру жасақтары ресейлік әріптестермен бірге батырлар жолын зерттемек. Псковтағы кездесуде осындай шешім қабылданды. Алдағы уақытта қос елдің жастары қазақ батырлары қаза болған жерлермен жүріп өтпек.

ИВАН МАЛАХОВ, ІЗДЕСТІРУ ЖАСАҒЫНЫҢ САРБАЗЫ:

 - Невельді босату жолында шейіт болған Әбілқайыр Баймолдин, Ыбырайым Сүлейменов, Мәншүк Мәметовадай батырларымыздың ерлігі біз үшін зор мақтаныш. Оларды Қазақстанның ғана емес, Ресейдің батыр ұл-қыздары деп білеміз. Бұл жастар үшін аса маңызды.

Қазақ батырларының сүйегі Невель қаласының орталығындағы әскери зиратта жатыр. Олардың рухына тағзым етуге келгендердің ішінде павлодарлық іздестіру жасағының мүшелері, ресейлік қазақ ұлттық-мәдени орталықтарының белсенділері болды.

АЛЕКСЕЙ ТАРЧЕВСКИЙ, ОҚУШЫ:

 - Қазақ туын қолыма алып, сап түзеу – үлкен мақтаныш, мен үшін маңызды. Себебі, бүгін Мәншүк Мәметованың туғанына – 95 жыл. Ол біздің қаламызды немістен азат етіп, бейбіт өмір сыйлады.

Гүлжан Көпбаева Алматыдан арнайы келді. Жас артист Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Елдің ерлігі» деректі фильмінде Мәншүк Мәметованың рөлін сомдаған.

ГҮЛЖАН КӨПБАЕВА, АКТРИСА:

 - Мәншүк  Мәметованың ролі маған өте қиын келді. Көп дайындалдым, репетиция көп өтті. Таңғы сағат бестен кешкі онға дейін. Мәншүк Мәметованы сомдау – мен үшін мақтаныш.

Псков облысында Мәншүк Мәметованың ерлігін білмейтін адам жоқ. Арада 70 жыл өтсе де, жас ұрпақ батырдың ерлігін ұмытпайды, ұмытуға қақысы да жоқ.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер